Қылмыстық атқару жүйесі департаменттің мәліметінше, соңғы үш жылда жұмысқа орналасқандардың үлесі 85 пайыз өскен
Жамбыл облысында түзеу мекемелерінде жатқан 2000 адам жұмыспен қамтылған. Бұл – облыстағы жазасын өтеушілердің 85 пайызы. Темір торға қамалғандар тігін цехінен бастап, дәнекерлеу мен құрылыс бағытында жұмыс істейді. Тіпті жиһаз құрап, аяқ киім шығарып жатқандар бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қылмыс жасап, абақтыға түскендердің бірі – Арман Ризақұлов. Ол 10 жылға сотталған. Бірақ түрмедегі уақытын бос өткізбей, жұмыс істеп нәпақа табуды ұйғарыпты. Қазір түзету мекемесі ішінен ашылған аяқ киім цехында еңбек етіп жүр. Ай сайынғы табысы 200 мың теңгеге дейін жетеді. Жалақысының бір бөлігін отбасына жіберсе, қалғанымен мемлекет алдындағы берешегін өтейді. Ал мұнда тігілген аяқ киімдер әскерилерге және ішкі қажеттілікке арналған.
«Біздің цехте өндірістің барлық кезеңі жүргізіледі. Мұнда былғары кесіледі, біз аяқ киімге қажетті шикізатты дайындаймыз. Алып жүрген жалақымыз жақсы. Бұл –сотталғандар үшін үлкен мүмкіндік. Өтемақы төлейміз. Сот шешімі бойынша мемлекеттік берешекті өтеп жатырмын», – деді жазасын өтеуші Арман Ризақұлов.
Өңірде Арман секілді 2035 жазасын өтеуші еңбекке тартылған. Қылмыстық атқару жүйесі департаменттің мәліметінше, соңғы үш жылда жұмысқа орналасқандардың үлесі 85 пайыз өскен. Бұған түзеу мекемелерімен келісімшарт жасасқан 36 жеке кәсіпкердің жұмысы себеп. Оның ішінде 9 кәсіпкер өндірісті қала ішінде жолға қойып, жұмыс орындарын ашқан. Тіпті асхана мен жеке жатақхана салғандары да бар.
«Басында жазасын өтеушілерді күндізгі кезеңде ғана жұмыспен қамтамасыз етіп отырдық. Кейіннен басшылық тарапынан ұсыныс түсті, жазасын өтеушілерді толық көлемде нысанға көшіруге. Бізге пайдасы – олардың уақытында жұмыс орнында болуы және тәртіпке бағынуы», – деді ет өңдеу зауытының директоры Болатбек Амантайұлы.
Түзеу мекемелерімен серіктестік орнатқан кәсіпкерлер мемлекеттік тапсырыстарды орындап, жергілікті сұранысты өтеуге де үлес қосып жүр. Мәселен сотталғандар соңғы бір жарым айда 1500 дана аялдама жасап шығарған.
«Сотталғандарға мерзімінен бұрын босап шығу үшін мүмкіндік пайда болады. Қылмыстық кодекстің әртүрлі баптарына сәйкес үштен бір бөлігін, үштен екі бөлігін өтегеннен кейін, үкіммен келген шығынды өтеп беріп жатса, сот дұрыс шешімін қабылдайды», – деді облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Жәнібек Қосжанов.
Ал прокуратура өкілдерінің айтуынша, сотталғандарды еңбекке тарту – қайта қылмыс жасау көрсеткішін төмендетуге ықпал еткен. Жұмыс бар жерде жауапкершілік те артады.
«Өткен жылмен салыстырғанда бұрын сотты болғандардың арасында қылмыстар 13 пайыз, пробация қызметінің есебіндегі сотталғандар арасында 22 пайыз төмендеген», – деді Жамбыл облысы прокурорының аға көмекшісі Елдар Баймешов.
Өңірдегі үш түзеу мекемесінде колледж жұмыс істеп тұр. Мұнда электргазбен дәнекерлеуші, электрик және тағы басқа сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беріледі. Бұл сотталушының жазасын өтеп шыққан соң заңды түрде мамандық алуына мүмкіндік береді.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан
Оқи отырыңыз: Қан тобы сәйкес келмейді: Астанада күрделі бүйрек отасы сәтті өтті