Жамбыл облысында жүгері қалдығынан жасалған тыңайтқыш шаруаларға тегін таратылуда

31.08.2026 19:58

Аталған органикалық жүгері қалдығы биыл аймақта жұмысын бастаған инвестициялық зауытта шығарылады

Жамбыл облысында шаруалар жүгері қалдығын кәдеге жаратып, егістікке органикалық тыңайтқыш ретінде себе бастады. Шу ауданында 30 шаруа қожалығы бұл әдісті қолданып, алғашқы нәтижесін бір апта ішінде көріп отыр. Жаңа тыңайтқыш әсерінен дақылдың түсі қанықтанып, бойы тез өскен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілішісі. 

Бұл тәсілді алғашқылардың бірі болып қолданып көрген шаруа Эльдар Тейфуров 60 гектар алқапқа жоңышқа еккен. Үш айдың ішінде екі рет орып үлгерген ол қазір үшінші орымға дайындалып жатыр. Айтуынша, бір апта бұрын жоңышқаны жүгері қалдығынан дайындалған тыңайтқыш араласқан сумен жаңбырлатып суарған. Нәтижесінде дақылдың бойы 10-15 сантиметрге өсіп, түсі де қаныға түскен.

«Жоңышқаны көгертеді. Сумен ағызып берсеңіз, ылғалды жақсы ұстайды. Жер қап-қара болып тұрады. Жоңышқаға ылғал өте қажет. Соның арқасында бойы жақсы өсіп, түсі де өзгерді», – деді шаруа қожалық иесі Эльдар Тейфуров.

Қазір Шу ауданындағы 30 шаруа қожалығы осындай органикалық тыңайтқышты егістігіне пайдаланып отыр. Бұл өнімнің 20 литрі бір гектар жерге жетеді. Мамандардың айтуынша, бұл топырақ құрамындағы азот пен калийдің сақталуына айтарлықтай ықпал етеді.

Аталған органикалық жүгері қалдығы биыл аймақта жұмысын бастаған инвестициялық зауытта шығарылады. Кәсіпорын әзірге тыңайтқышты шаруаларға тегін таратып жатыр. Бүгінде диқандарға 1200 тонна өнім берілді. Оған тағы 190 шаруашылық қызығушылық танытқан. Олардың қатарында Шу ауданынан бөлек, Меркі мен Түркістан облысының шаруалары да бар.

«Мұны кейін арнайы қорапқа салып, сатылымға шығару жоспарымызда бар. Бірақ қазіргі таңда шаруаларға қолдау көрсету мақсатында тегін таратуды ұйғардық. Жыл басында көптеген шаруа қожалығымен келісімшартқа отырдық», – деді зауыттың ресми өкілі Нұргелді Нұрлан.

Мамандардың пікірінше, бұл бастама қалдықты азайтып қана қоймай, топырақтың құнарын арттыруға мол мүмкіндік береді. Бұл істі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы да қолдап отыр. Айта кетейік, егін шаруашылығына қажетті тыңайтқыш сатып алуға мемлекет тарапынан субсидия қарастырылған. Биыл шаруаларды қолдау мақсатында осы бағытқа 2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында жасанды интеллект негізіндегі радиологиялық жүйе іске қосылды

Толық көрсету