Қызылорда облысында жасанды интеллект негізіндегі радиологиялық жүйе іске қосылды

Радиологиялық-ақпараттық жүйе өңірдің 27 медицина ұйымын бір желіге біріктірген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қызылорда облысында жасанды интеллект негізіндегі радиологиялық жүйе іске қосылды. Енді дәрігерлер диагностикалық талдауларды жаңа технологияның көмегімен жүзеге асырады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілішісі.

Дерті дендеген науқастың диагнозын дәл табу үшін дәрігерлер енді жасанды интелектке жүгіне алады. Радиологиялық-ақпараттық жүйе өңірдің 27 медицина ұйымын бір желіге біріктірген. Мамандар рентген, КТ, МРТ, маммография қорытындысын бір жерден көреді. Жүйе дәрігердің уақытын үнемдеп, науқасқа диагнозды жедел қоюға мүмкіндік береді. Ал, жасанды интеллект 1 миллиметрден басталатын патологиялық ошақтарды анықтауға көмектеседі.

«Басты мақсаты – науқастарға уақытылы, қолжетімді, сапалы ем беру. Осы бағдарламаның арқасында 133 маман оқыды. Жүйеге 300 қолданушы қосылып жатыр. Бүкіл рентген, КТ, МРТ мамандар бас дәрігердің бәрі бір жүйеге қосылып тұр. Кабинетке барып жүгіріп қарау жоқ», – деді Қызылорда облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Жасұлан Баймаханов

Бүгінде жүйе арқылы 165 мыңнан астам зерттеу жүргізілген. Оның ішінде өкпе обыры бойынша 22 мыңнан астам, сүт безі обыры бойынша 14 мыңға жуық зерттеуді жасанды интеллект талдапты.

«Жасанды интеллект патологиялық ошақты анықтап беруге көмегі бар. Бірақ интерпретация жасаған кезде нақты соңғы шешімді дәрігер атады», – деді Сәулелі диагностика бөлімінің меңгерушісі Асқар Темірбаев.

Дәрігердің көзін қырағы, уақытын үнемді ететін жаңа жүйенің артықшылығы айтарлықтай. Бірақ жасанды интеллект тиімді тетік болғанымен соңғы шешімді дәрігер қабылдайды.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Елімізде балалар арасында қант диабеті көбейіп барады - мамандар себебін айтты