Орталық бір мезетте 52 адамды қабылдай алады
Алматыдағы «Жан-Сая» дағдарыс орталығынан 9 жылдың ішінде 3 мыңнан астам адам көмек алған. Мекеменің қызметіне жүгінген нәзік жандар - тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны. Оларға уақытша баспана беріліп, мамандар тарапынан 6 мыңнан астам психологиялық және 3 мыңға жуық заңгерлік кеңес алған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бұл орталық тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге тоғыз жылдан бері көмек көрсетіп келеді. Орталық бір мезетте 52 адамды қабылдай алады. Қазір мұнда 12 әйел мен 27 бала уақытша паналап жатыр. Алайда бұл көрсеткіш кез келген сәтте өзгеруі мүмкін.
Мәселен, кеше түнде ғана мұнда екі баласын ерткен бір әйел жеткізілген. Осылай кез-келген уақытта көмек сұрап келушілер легі лезде өзгереді екен. Ал осы орталық қызметіне жүгінгендердің бірі - 6 баланы тәрбиелеп отырған Татьяна. Тұрмыстық өмірдің қиындықтарына тап болған ана бүлдіршіндерімен бірге қауіпсіз баспана іздеуге мәжбүр болып, дағдарыс орталығына келген. Осы жерден жылу тауып, жаңа өмір бастаған. Қазір ол тігінші болып жұмыс істейді, тапсырыстар қабылдап, біртіндеп қаржы қорын қалпына келтіріп, баспаналы болуды армандайды.
«Мен тұрмысқа шығуды армандадым, бақытты отбасын құрғым келді. Бірақ отбасылық өмір мен ойлағандай болмай шықты. Күйеуім ішімдікке тәуелді болып, жанжал көбейгеннен кейін ажырасып кеттік. Менің балаларым қауіпсіз жерде болуы керек деп үйден кетуді ұйғарып, дағдарыс орталығына келдім. Орталықтың арқасында өз саламды қайта оқып, өзімді дамыттым. Енді болашақта өзімнің күшіммен және балаларымның арқасында жаңа өмір бастайтыныма сенемін», – деді Татьяна.
Қазақстандағы дағдарыс орталықтарының моделі әйелдер мен балалардың құқығын қорғау жүйесінің маңызды бөлігіне айналып келеді. Мұндағы мамандардың жұмысы адамға психологиялық тұрғыдан қалпына келуге, өзіне деген сенімділікті қайта тауып, жаңа өмірді бастауына бағытталған. Ал елдегі әрбір алтыншы бала зорлық-зомбылықтың куәгері болады. Бұл жерде балаларға да ерекше көңіл бөлінеді.
«Тоғыз жыл ішінде 3 мыңнан астам адам қайта оңалту мен қоғамға бейімделу мүмкіндігіне ие болды. Біздің мақсатымыз – орталық мамандары көрсететін қызметтердің барлығы кешенді түрде жүзеге асырылып, әрбір адамның өмірінде оң өзгеріс болып, оның жаңа деңгейге көтерілуіне нақты ықпал етуі. Біз жүргізген зерттеу әрбір алтыншы баланың зорлық-зомбылықтың куәгері болатынын көрсетті. Сондықтан адамдардың осындай орталықтардың бар екенін білуі және мұнда көмек тегін көрсетілетінін түсінуі өте маңызды», – деді дағдарыс орталығының директоры Зүлфия Байсақова.
Орталық сегіз түрлі арнайы әлеуметтік қызмет түрін көрсетеді. Психологтар, заңгерлер мен мейірбикелер міндетін мүлтіксіз атқарып жүр. Көмек алушылар уақытша қауіпсіз баспанамен, психологиялық және заңгерлік кеңеспен, медициналық көмекпен қамтылған. Олардың қызметтері ақысыз, ал негізгі тұру мерзімі алты айға дейін созылады. Орталықтан шыққаннан кейін де мамандар қолдау көрсетуді жалғастырып, әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектеседі.
«Жан-Сая» дағдарыс орталығы әлеуметтік қызметтердің 8 түрін ұсынады. Атап айтқанда әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық қызметтер көрсетіледі. Мысалы әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер аясында орталыққа жүгінген азаматтарға уақытша баспана беріледі. Сонымен қатар жеке гигиенаға қажетті барлық құралдар мен күнделікті тұрмысқа қажет заттармен толық қамтамасыз етіледі», – деді әлеуметтік қызметкер Ерназ Тергеусіз.
«Көбінесе әйелдер дене жарақаттарымен, денесінде соққы іздерімен, кейде ми шайқалу белгілерімен түседі. Мұндай жағдайда бірден шұғыл медициналық көмекке жүгінеміз», – деді медбике Назгүл Оңбаева.
Мамандардың айтуынша, орталықтың басты мақсаты - тек әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету емес, сонымен қатар олардың дербес өмірге қайта оралуына, құқықтарын қалпына келтіруіне және қоғамға бейімделуіне жағдай жасау.
Ербол Медетбек, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Көмек сұрау әлсіздік емес: әлемде әйелдерге қарағанда ерлер өзіне жиі қол салады