Алматыда бокстан әлем чемпиондары Назым Қызайбай мен Алуа Балқыбекова колледж студенттерімен кездесті
«Тәртіп, табандылық, тағылым». Алматыда бокстан әлем чемпиондары Назым Қызайбай мен Алуа Балқыбекова колледж студенттерімен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Басқосуда спортшылар жеңіске жету жолындағы тәжірибелерін айтып, жастарды мақсатқа адал болуға шақырды. Сондай-ақ кәсіби спорттағы қиындықтар, психологиялық дайындық және уақытты тиімді басқару мәселелері сөз болды.
Айта кетейін, аталған жиын «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған.
«Өте жақсы кездесу болды. Жастар «спортта үлкен жетістікке жету үшін қандай ұстанымыңыз бар?» деген сұрақ қойылды, жауап бердік», – деді бокстан әлем чемпионы Назым Қызайбай.
«Спортта тәртіп – ең басты ұстаным. Өйткені тәртіпсіз ешқандай нәтижеге жетпейміз. Өйткені тәртіптің арқасында уақытымен, өз орнында қоямыз. Сондықтан тәртіптің арқасында биік нәтижелерге жетуге болады», – деді бокстан әлем чемпионы Алуа Балқыбекова.
Игі басқосу қоғамдық даму орталығы мен колледж әкімшілігінің мұрындық болуымен өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тағылымды кездесулер студенттердің құқықтық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстануға және азаматтық жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
«Заң үстемдігі бар жерде Әділетті Қазақстан құруда үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Алматы қаласының Ішкі саясат басқармасына қарасты қоғамдық даму орталығымен бірлесе жетістікке жеткен мамандарды шақырып, өскелең ұрпаққа, жастарға, студенттерге мотивациялық кездесулер өткізіп жатырмыз», – деді колледж директорының орынбасары Айдар Күнтубай.
Оқи отырыңыз: Пәтер жалдау кезінде алаяқтарға ұрынып қалмаңыз - полиция ескерту жасады