Жаңа Азаматтық кодекс азаматтардың күнделікті өміріне түсінікті болуы керек – сарапшы
Ержан Егембердиев жаңа Азаматтық кодекстің басты міндеттерін атады
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жариялаған жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу бастамасы құқықтық мемлекетті одан әрі дамыту үшін маңызды. Құжат азаматтық қатынастарды реттеп қана қоймай, қоғам мен экономикадағы өзгерістерді де ескеруі тиіс. Бұл туралы ҚР Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Ержан Егембердиев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сарапшының пікірінше, соңғы онжылдықтарда адамдар арасындағы қарым-қатынас, мүлікке билік ету, шаруашылық қызметті жүргізу және мәміле жасау тәсілдері айтарлықтай өзгерген. Сондықтан азаматтар өз құқықтары мен міндеттерін түсіну үшін әр жолы заңгерге жүгінуге мәжбүр болмауы керек.
«Азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін бағдарлай алу мүмкіндігі болуы тиіс. Мысалы, мұраны ресімдеу, жалдау шартын жасасу немесе мүлікті пайдалануға беру кезінде адам өзі қабылдаған шешімнің қандай құқықтық салдарға әкеп соғатынын және заңда қандай кепілдіктер көзделгенін түсінуі маңызды», – деді Ержан Егембердиев.
Оның айтуынша, жаңа Азаматтық кодекс жай ғана жаңартылған құқықтық нормалар жиынтығы болып қалмауы керек. Ол күнделікті өмірде кездесетін құқықтық қатынастарды реттейтін түсінікті әрі жүйелі құжатқа айналуы қажет.
«Заңнаманың қолжетімділігіне, құқықтық нормалардың өзара үйлесімділігіне және олардың іс жүзінде қолданылуына ерекше назар аудару қажет. Бұл азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, көптеген даудың алдын алуға мүмкіндік береді», – деді сарапшы.
Ержан Егембердиев жаңа Азаматтық кодексті сапалы әзірлеу қоғамның құқықтық мәдениетін нығайтуға және мемлекет пен азаматтардың мүдделеріне сай келетін заманауи құқықтық орта қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Алматыда денсаулық сақтау саласының алғашқы цифрлық шешімдер құзыреттілігі орталығы ашылды