Жаңа кезеңге қадам бастық: Президент жаңа Конституциядағы жаңашылдықтар туралы

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Конституциялық реформа – тежемелік пен тепе-теңдік жүйесін нығайтуға бағытталған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде жаңа Конституция жобасының негізгі жаңашылдықтарын таныстырды. Президенттің айтуынша, азаматтар Конституция жобасын қолдаған жағдайда Қазақстанда жаңа, анағұрлым тиімді, еліміздің ұзақмерзімді тұрақты дамуына жол ашатын саяси жүйе қалыптасады, деп хабарлайды Almaty.tv.

- Конституциялық Сот төрағасы мен судьяларының, Жоғары Сот төрағасының және Бас прокурордың өкілеттілік мерзімін шектейтін ережелер Конституция жобасындағы жаңашылдық болды. Негізгі заң жобасына сәйкес, бір адам аталған қызметтерге бір реттен артық тағайындалмайды. Мемлекеттегі жоғары лауазымды тұлғаларының өкілеттігін бір мерзіммен шектеу – бұрын-соңды болмаған саяси жаңашылдық.

Сонымен қатар Құрылтайдың Конституциялық Сот пен Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмау кепілдігінен айыру, Премьер-министрді тағайындауға келісім беру құзыреті сақталады. Осылайша, тежемелік және тепе-теңдік жүйесі нығайып, оның тиімділігі арта түседі.

Енді бір палаталы Парламентте Президент квотасы болмайды. Оны сақтауға да болар еді. Конституциялық реформа жөнінде келіп түскен ұсыныстардың қатарында осы квотаны күшінде қалдыру туралы да көп айтылды. Бірақ депутаттар ешқандай артықшылықсыз бірыңғай ереже бойынша сайлануға тиіс деп санаймын.

Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметші лауазымын атқаруына, тіпті, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшысы болуына тыйым салатын норма айрықша мәнге ие. Бұл ереже биліктегі отбасылық жүйеге және оның бір қолға шоғырлануына тосқауыл қояды. Кейбір ықпалды адамдар, басқаша айтқанда «сұр кардиналдар» немесе «саясат сахнасының сыртындағы ойыншылар» мемлекеттік институттарды алмастырмауы керек. Бұл тәжірибе түбегейлі жойылды, - деді Президент.

Мемлекет басшысы атап өткендей, біз бір ел болып жаңа кезеңге қадам бастық. Мемлекеттік мекемелер жекелеген басшылардың қалауына қарай емес, Конституцияға және тиісті заңға сәйкес жұмыс істейді. Саяси жаңғырудың мән-маңызы да – осында.

- Мемлекеттік биліктің табиғи, яғни эволюциялық жолмен дамуы мызғымас сипатқа ие болды. Бұл маңызды жұмысты тоқтату, тіпті, өткенді кері қайтару да мүмкін емес. Себебі халық ондайға жол бермейді. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгінде мемлекеттік құрылымның жаңа үлгісі ұсынылып отыр. Соған сәйкес биліктің барлық тармағы шешім қабылдаған кезде бірдей тәуелсіз болады. Ал Президент олардың кедергісіз, үйлесімді жұмысын қамтамасыз етеді.

Еліміздің басты өкілді органы – Құрылтайдың құзыреті кеңейе түседі. Бір палаталы Парламент тиімді заң шығару қызметін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Әлемдік тәртіп пен ішкі реформалар түбегейлі өзгеріп жатқан кезеңде заманауи сын-қатерлерге дер кезінде төтеп беру бәсекеге қабілетті мемлекеттің басты сипатына айналды. Сондықтан бұл шешімнің маңызы зор, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылай деген Мемлекет басшысы өз кезегінде, жоғары кеңесші орган саналатын Халық Кеңесі мемлекет пен қоғам, әртүрлі әлеуметтік-этностық топтар арасында сенімді байланыс орнататынын атап өтті. Ал Халық Кеңесіне заң шығару бастамасын беру оның институционалдық рөлін нығайта түседі.

- Барлық саяси жаңғыру ел тағдырына институционалдық жауапкершілікті күшейту ниетінен туындап отыр. Бір ғана тірекке арқа сүйеген саяси жүйе әлсіз болады әрі ұзаққа шыдамайды. Мұны әлемдік тәжірибе дәлелдеді. Біз, шын мәнінде, халықтық билік қалыптастырудамыз. Оның өзегінде әлеуметтік әділдік, жасампаз отаншылдық, Заң мен тәртіп үстемдігі, азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын сақтау, білім, ғылым және технологияның дамуына басымдық беру, мемлекетіміздің Тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау секілді ешқашан ескірмейтін, мәнін жоймайтын құндылықтар жатыр, - деді ол.

Оқи отырыңыз: Президент: Жаңа Конституция – жастарға өмірде бағыт-бағдар сілтейтін темірқазық іспеттес

Новости партнеров