Жаңа Конституция адам капиталын, білім, ғылым мен инновацияны дамытуды мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Астанада өтіп жатқан Тамыз конференциясында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Министр биылғы оқу жылы еліміз үшін маңызды тарихи кезеңде басталғалы тұрғанын атап өтті. Күшіне енген жаңа Конституция адам капиталын, білім, ғылым мен инновацияны дамытуды мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындады.
"Оның өзегінде адам, оның құқығы мен жауапкершілігі, заң және тәртіп, адал еңбек және ел болашағына жауапкершілік тұр. Осы қағидаттарды балаларымыздың күнделікті өмір мәдениетіне айналдыру – білім жүйесінің басты міндеті. Біз терең білімді, еңбекқор, заңға бағынатын, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезінетін азамат тәрбиелеуге тиіспіз", – деді Ж. Сүлейменова.
Президент қолдауымен жүзеге асырылған іргелі реформалардың арқасында білім саласында шешімін тапқан нақты әрі кешенді нәтижелер еліміздегі адам капиталының дамуына негіз болуда.
"Қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға арналған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылды, білім сапасы артып келеді, педагогтерды қолдау және инклюзияны дамыту жұмыстары жалғасуда. TALIS халықаралық зерттеуінің қорытындыларына сәйкес педагогикалық контингент бүгінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Сондықтан да ең алдымен, білім саласына көрсетіп келе жатқан қолдауыңыз үшін, ұстаздарымыз бен оқушыларымызға деген зор қамқорлығыңыз үшін, ұстаздар қауымдастығы атынан шынайы ризашылығымызды білдіреміз", – деді Оқу-ағарту министрі.
Айта кетейік, елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен педагогтердің Тамыз конференциясының пленарлық отырысы басталды.
Оқи отырыңыз: Жетісудағы тұңғыш жаңа форматтағы кітапхана Сарыөзекте қолданысқа берілді