Құжатта елдің ұзақ мерзімді дамуының негізі ретінде зияткерлік әлеует, инновация және адами капитал белгіленген
Жаңа Конституцияда ғылым саласы алғаш рет мемлекеттің стратегиялық даму басымдықтарының бірі ретінде айқындалды. Енді ғылыми зерттеулердің халықаралық деңгейге шығуына және олардың нәтижелерін өндіріске кеңінен енгізуге басымдық беріледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Сарапшылардың айтуынша, жаңа Ата Заңның күшіне енуі отандық ғылымның дамуына тың серпін беріп, ғылыми әзірлемелердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Құжатта елдің ұзақ мерзімді дамуының негізі ретінде зияткерлік әлеует, инновация және адами капитал белгіленген. Бұл академиялық еркіндікті нығайтып, ғылыми қызметті қолдауға әрі білімге негізделген экономиканы дамытуға жол ашады.
Медицина саласының мамандары мұндай өзгерістер ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске кеңінен енгізуге мүмкіндік беріп, түптеп келгенде халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді деп есептейді.
«Конституция ғылым мен денсаулық сақтау саласын мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындаған кезде, біз ғылыммен академиялық тұрғыда еркін айналысуға мүмкіндік аламыз. Енді басты назар өндіріске енгізілетін және бөлінген қаржының нақты қайтарымын қамтамасыз ететін ғылыми-қолданбалы зерттеулерге аударылады. Бұл ғылымның да, денсаулық сақтау саласының да беделін айтарлықтай арттырады деп ойлаймын», – деді «Республикалық микроорганизмдер коллекциясы» ЖШС-нің бас директоры Жандарбек Бекшин.
Оқи отырыңыз: Құрылтай халық мүддесін тиімді жүзеге асыратын жаңа институтқа айналуы тиіс - сарапшылар