Жаңа Конституция цифрлық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді - алматылықтар

Қалап тұрғындары жаңа заңның халықтың әл-ауқатын арттыруға оң ықпал ететіне сенім білдірді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа Ата Заңдағы бастамалар цифрлық қауіпсіздікті нығайтып, интернет-алаяқтықпен күресті күшейтуге және азаматтардың жеке деректерін қорғауға жол ашады. Осындай пікір білдірген алматылықтар жаңа нормалар елдің тұрақты дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға оң ықпал етеді деген сенімде, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қала тұрғыны Бекасыл Оразбектің айтуынша, жаңа Конституцияда азаматтардың цифрлық құқықтары мен жеке деректерін қорғауға ерекше назар аударылған. Оның пікірінше, бұл интернет-алаяқтықтың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін күшейтуге ықпал етеді.

«Қазір цифрлық қауіпсіздік – өте өзекті мәселе. Әсіресе, қарт адамдар мен жалпы халық алаяқтардың арбауына жиі түсіп жатады. Сондықтан азаматтардың жеке деректерін мемлекет деңгейінде қорғау өте маңызды деп ойлаймын. Осыған байланысты жаңа Конституцияны қолдаймын», – деді қала тұрғыны Бекасыл Оразбек.

Қала тұрғыны Жанель Дүйсенбекқызы да жаңа нормалардың азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғауда маңызды рөл атқаратынын айтты.

«Банк саласында жұмыс істегендіктен, алаяқтық мәселесінің қаншалықты өзекті екенін жақсы білемін. Егер жаңа Конституциядағы нормалар толық іске асса, әсіресе зейнеткерлер үшін үлкен қорған болады. Бұл бәріміздің жан тыныштығымыз үшін маңызды», – деді қала тұрғыны Жанель Дүйсенбекқызы.

Ал қала тұрғыны Нұржамал Әлжімбекқызы жаңа Конституция халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етеді деген пікір білдірді.

«Жаңа Конституция бәрімізге жақсы болады деген ойдамын. Студенттерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға және жалпы халыққа жаңа мүмкіндіктер мен жеңілдіктер береді деп сенемін», – деді қала тұрғыны Нұржамал Әлжімбекқызы.

Оқи отырыңыз: Жаңа Конституция ғылым мен инновацияның дамуына жаңа мүмкіндік ашады - сарапшы