Жаңа Конституция Қазақстанның дамуын қалай қамтамасыз етеді

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Депутат жаңа Конституция жобасын елдің орнықты дамуына бағытталған стратегиялық қадам деп бағалады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов Конституциялық реформаны талқылау барысында еліміздегі ең ауқымды саяси жаңғырудың тікелей қатысушылары болып отырғанымызды атап өтті, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап.

Ол бұл үдерісті Мемлекет басшысының саяси ерік-жігері мен қоғамның мемлекеттік институттарды жаңартуға деген пісіп-жетілген сұранысының нәтижесі деп бағалады.

Депутат жаңа Конституция жобасын елдің орнықты дамуына бағытталған стратегиялық қадам деп бағалады.

Жекеменшік институты кәсіпкерліктің де, экономикалық өсімнің де негізі болып қала береді, – деді Айтуар Қошмамбетов.

Жаңа Конституция жобасы меншік құқығын қорғау қағидатын сақтай отырып, құқықтық айқындықты күшейтеді, бұл бизнеске, азаматтарға және сот жүйесіне ортақ әрі түсінікті бағдар береді. Әлемде ESG-қағидаттары инвестициялық стандартқа айналып, меншік иесінің әлеуметтік жауапкершілігі мен экологиялық басымдықтары құқықтық тепе-теңдік құралы ретінде жұмыс істейтінін атап өтті. Қазақстан үшін бұл инвестициялық сенімді арттыратын маңызды фактор.

Депутат сондай-ақ арнайы құқықтық режимдер арқылы өңірлерді дамытуға назар аударды.

Алатау сити жобасы болашақ салаларға арналған кешенді орта болады: пилотсыз көлік, робототехника, цифрлық активтер және финтех, – деді ол.

Конституциялық деңгейде тұрақтылық қамтамасыз етілуі инвестиция тартуға, инновацияларды дамытуды жеделдетуге және ел экономикасын бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы ұсыныстар Мемлекет басшысының қолдауына ие болды. Депутат инновациялар мен серпінді технологияларды дамыту үшін Дубай, Шэньчжень және Сондо тәжірибесін мысалға келтірді, яғни батыл әрі басқарылатын шешімдер қабылдау қажеттігін айтты.

Халықаралық шарттардың жаңа Конституцияда теңгерімді түрде реттелетіні де маңызды деп саналады.

Халықаралық шарттардың қолданылуын ұлттық заңнама арқылы реттеу сот тәжірибесінің бірізділігін арттырып, мемлекеттің жауапкершілігін күшейтеді, – деді депутат.

Бұл қадам құқықтық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, халықаралық міндеттемелерді орындауда Қазақстанның сенімділігін арттырады.

Цифрлық дәуірде азаматтардың дербес деректері мен жеке өмірін қорғаудың маңыздылығын да атап өтті.

Цифрлық құқықтарды Конституцияда бекіту технологияны тежемейді, керісінше сенімді арттырып, инновациялардың орнықты дамуына жол ашады, – деді Айтуар Қошмамбетов.

Бұл қадам азаматтардың қауіпсіздігі мен бизнестің дамуына қажетті құқықтық базаны қамтамасыз етеді.

Бұл – институттарды нығайту, сенім қалыптастыру және ұзақмерзімді экономикалық өсімге жағдай жасау. Respublica партиясы осы реформаны қолдай отырып, заманауи, бәсекеге қабілетті әрі серпінді Қазақстанның пайдасына саналы таңдау жасайды, - деп сөзін қорытындылады депутат.

Оқи отырыңыз: Биыл Қазақстанда қандай халықаралық жарыстар өтеді

Новости партнеров