Жаңа Конституция күшіне енді: Алатау Қазақстандағы алғашқы жедел даму қаласы болады

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

1 шілдеден бастап Alatau City Authority толыққанды мемлекеттік орган ретінде жұмысын бастайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Құжатта өңірлерді жедел дамытуға арналған жаңа тетік қарастырылып, «жедел дамитын қала» мәртебесі мен арнайы құқықтық режим енгізілді. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Оның айтуынша, жаңа мәртебеге ие болатын алғашқы қала – Алатау. Мемлекет басшысы 2026 жылғы 8 мамырда қол қойған Конституциялық заң аясында қалада ерекше құқықтық және экономикалық режим кезең-кезеңімен енгізіледі.

1 шілдеден бастап Alatau City Authority толыққанды мемлекеттік орган ретінде жұмысын бастайды. Ал қаланың стратегиялық дамуын Премьер-министрдің төрағалығымен жұмыс істейтін арнайы кеңес үйлестіретін болады.

Жаңа құқықтық режим халықаралық инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыруды көздейді. Оның аясында бизнесті жүргізудің тұрақты шарттары, лицензиялаудың арнайы тәртібі, «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету, сондай-ақ капиталды қорғаудың халықаралық тетіктері енгізіледі. Сонымен қатар қалада арнайы салық, кедендік және бюджеттік режим қолданылады.

Жыл соңына дейін жетекші халықаралық консалтингтік компаниялардың қатысуымен сәулет, құрылыс және қадағалау салалары бойынша жаңа нормативтік база әзірленбек.

Алатауды дамыту ұзақмерзімді жоспар негізінде жүзеге асырылады. Қазір қаланың 30 жылдық даму жоспары, бас жоспары және 2040 жылға дейінгі стратегиясы әзірленіп жатыр.

Сондай-ақ қала «ақылды қала» қағидаты бойынша дамытылады. Корея Республикасымен бірлесіп 330 гектар аумақта K-Smart City цифрлық ауданының жобасы әзірленуде. Оның құрылысын 2027 жылы бастау жоспарланған.

Қаладағы негізгі басқару процестері Alatau AI-Driven City тұжырымдамасы аясында жасанды интеллект арқылы жүзеге асырылады. Бұл толыққанды цифрлық егізді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде Алатауды дамыту жөніндегі жол картасына 36 ірі инфрақұрылымдық жоба енгізілген. Сонымен қатар жалпы құны шамамен 2 триллион теңгені құрайтын 53 инвестициялық жоба қалыптастырылған. Оларды іске асыру нәтижесінде 51 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

Оқи отырыңыз: Табиғатқа жанашырлық алғаш рет конституциялық міндетке айналды: жаңа Ата Заң күшіне енді