Жаңа Конституция – жаңа міндеттер: AMANAT «Әділет» партиясына қосылуға дайын

Тарихи қадам бүгін Астанада өткен партияның XXVI съезінде жарияланды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

AMANAT партиясы тарих қойнауына кетті. Бүгін партия жаңадан құрылған «Әділет» саяси ұйымымен бірігу туралы шешім қабылдады. Бұл бастаманы делегаттар, Мәжіліс депутаттары мен өңірлік филиалдардың өкілдері қолдап, оның маңызын атап өтті. Осылайша, екі саяси күштің бір құрылым аясында жұмыс істеуіне жол ашылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Болашақ үшін күш біріктіру. Ел дамуы жолында 27 жыл қызмет атқарған AMANAT партиясы өз жұмысын тоқтатып, жаңадан құрылған «Әділет» партиясымен бірігу туралы шешім қабылдады. Тарихи қадам бүгін Астанада өткен партияның XXVI съезінде жарияланды. Партия төрағасы Ерлан Қошанов бұл өзгеріс ұйым тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы екенін атап өтті. Оның сөзінше, қабылданған шешім мемлекет мүддесі мен қоғамның қазіргі сұранысына жауап береді. Сондай-ақ партия өз құндылықтары мен ұстанымдарынан бас тартпайтынын, керісінше, оларды жаңа саяси алаңда одан әрі дамытып, жаңа деңгейге көтеруді көздейтінін жеткізді.

«Бұл жерде біреуі үлкен, біреуі кіші деп айтуға болмайды. Екеуі де бүгінгі күндегі саяси партия. Біз саяси бірігуді айтуымыз керек. Ал жаңағы кім-кімге қосылды деген ол екінші мәселе. Негізгі мәселе – екі партияның бір-бірімен қосылуы, күш біріктіруі», – деді AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов.

Жиынға қатысқан депутаттар мен партия мүшелері шешімге қарсылық білдірмеді. Олар керісінше, бірігу туралы бастама уақыт талабына сай екенін айтып, оның саяси үдерістердің қазіргі бағытына сәйкес келетінін алға тартты.

«1 шілдеден бастап Қазақстан жаңа саяси эраға енеді. Қазақстанда жаңа Конституция заң жүзіне енеді, бүкіл билік институттарының барлығы жаңарады, трансформация болады. Сондықтан бізге жаңа саяси күш, жаңа идея, жаңа идеал қажет», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.

«Кез келген қадам елімізде болып жатқан саяси реформалардың жаңа бір бағыты, жалғасы деп қабылдаймын. Сондықтан қандайда бір жаңалық елімізге пайда әкелетін болса қолдауға дайынмын», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева.

 Әзірге AMANAT партиясы құрамындағы мүшелердің қаншауы жаңа саяси бірлестікке қосылатыны белгісіз. Сондай-ақ бірігетін екі саяси ұйымның атауы да нақты шешілген жоқ. Ерлан Қошанов бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, нақты ақпарат айтуға әлі ерте екенін мәлімдеді.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Парламент ел дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын маңызды құжаттарды мақұлдады

Новости партнеров