«Жаңа Конституция – жарқын болашағымыздың кепілі». Дәл осындай атаумен Алматыда Жазушылар одағының ұйымдастыруымен жаңа Ата заң жобасын талқылауға арналған мазмұнды жиын өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Басқосуға белгілі қаламгерлер, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары қатысты. Олар жаңа Конституция жобасының тұжырымдамалық негіздері мен оның қоғамдық маңызы жөнінде ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Келелі кездесуде қатысушылар мәдениет пен шығармашылық саласына қатысты көзделген нормалар, азаматтық институттардың орны мен жауапкершілігі төңірегінде мазмұнды пікір алмасты. Олар құқықтық реформалардың ел дамуы үшін стратегиялық маңызын атап өтіп, азаматтардың құқығы мен бостандығын кеңейту, сөз және шығармашылық еркіндігін институционалдық тұрғыда нығайту қажет екенін баса айтты.
«Конституцияға зиялы қаламгерлер қауымы сергек қарап отырғанын сезіндім. Қаламгерлер идеологиялық тұрғыда сөйлейді ғой. Жетпіске жуық көрнекті тұлға қатысқан басқосуда 15-20 қаламгер сөйледі. Тәуелсіздікті, тілді, мемлекеттікті қорғау сынды пікірі бір арнаға тоғысқан ұсыныстарын айтты», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан.
Оқи отырыңыз: Конституциялық реформа: мәжіліс депутаттары Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің мүшелерімен кездесті