Жаңа мамандықтар атласы: авиация саласында қандай маман тапшы

20.03.2026 16:18

Келелі кездесуде көпшілікке азаматтық авиация саласына арналған Жаңа мамандықтар атласы таныстырылды

Елдегі авиация саласы жыл сайын шамамен 600-ге жуық маманға зәру. Бұл туралы «Азаматтық авиацияның кадрлық әлеуетін қалыптастыру» тақырыбында өткен салалық кеңесте айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сондай-ақ жиында әуе тасымалындағы кадр жетіспеушілігі, мамандарды қайта даярлау және білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына сәйкестендіру мәселелері кеңінен талқыланды. Сарапшылардың айтуынша, халықаралық болжамдарға сүйенсек, алдағы кезеңде әлемдік авиация индустриясына 600 мыңнан астам ұшқыш, 700 мыңнан астам инженер және 1 миллионнан астам бортсерік қажет болады. Мамандардың айтуынша, бұл білікті кадрлар үшін бәсекенің күшейе түсетінін көрсетеді.

«Академияда 4 мыңнан астам студент оқып жатыр. 1995 жылы құрылды, 2000 жылдан бастап 12 мың студент оқуын аяқтады. Соның 4 мыңнан астамы колледждің студенттері. Ал 8 мыңнан астамы біздің академияның студенттері, осы академияның түлектері. Қазір 12 мың студенттің 80 пайызы осы салада біздің студенттер жұмыс атқарып жатыр», – деді Азаматтық авиация академиясы ректорының міндетін атқарушы Қайрат Жақыпов.¤

Келелі кездесуде көпшілікке азаматтық авиация саласына арналған Жаңа мамандықтар атласы таныстырылды. Мамандардың айтуынша, бұл құжат жоғары оқу орындары үшін бағыт-бағдар беретін маңызды құрал болмақ. Өйткені, онда болашақ мамандарды қай бағытта даярлау қажет екенін нақты айқындалған.

Айта кетейік, Атлас академия жүргізген кешенді зерттеу негізінде әзірленген. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы 10 айында Қазақстан арқылы әуе көлігімен 13 миллионнан астам жолаушы тасымалданып, жалпы 26 миллион адамға қызмет көрсетілген. Өткен жылы отандық әуекомпаниялардың әуе паркі 12 жаңа ұшақпен толықса, биыл тағы 9 әуе кемесін сатып алу жоспарланып отыр.

«Елімізде әуе көлігін пайдаланушылар саны да, жүк тасымалының көлемі де жыл санап артып келеді. Осыған байланысты авиация саласында маман тапшылығы бар. Қазір шамамен 500–600-ге жуық қызметкер жетіспейді. Әсіресе, әуе кемесін басқаратын ұшқыштар, қозғалтқыштарды жөндейтін инженерлер және әуе қозғалысын үйлестіретін диспетчерлер қатары сирек. Сондықтан бүгін болашақ мамандарды қай бағытта даярлау керек екенін айқындайтын жаңа атлас таныстырылды. Енді өсім болады деп ойлаймын», – деді ҚР Көлік министрлігі азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева.

Оқи отырыңыз: Наурыз мейрамы кезінде ХҚКО-лар қалай жұмыс істейді