Жаңа Парламент 5 жылға сайланады — Мемлекет басшысы

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Елімізде вице-президент лауазымы пайда болады». Ұлттық Құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсыныс айтты. Вице-президент Парламентте, халықаралық іс-шараларда және шетелдік серіктестермен жүргізілетін келіссөздерде Мемлекет басшысының мүддесін қорғайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сыр елінде өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы бірқатар ұсыныс айтты. Алдымен, вице-президент лауазымын бекітуді ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, оны парламент келісімімен Мемлекет басшысының өзі тағайындайды. Вице-президент халықаралық форумдарда Қазақстан атынан өкілдік етеді. Халықаралық делегациялармен келіссөз жүргізеді. Парламентте Президенттің мүддесін қорғайды. Мемлекет басышысының өзге де тапсырмаларын орындайды.

«Вице-президент лауазымы бірқатар елде бар екенін білесіздер. Біздің жағдайда аталған лауазымды енгізу мемлекеттік басқару үдерісін тұрақтандырып, сондай-ақ билік иерархиясына қатысты түпкілікті айқындықты қамтамасыз етеді. Айта кетуім керек, бұл конституциялық жаңашылдық президенттік билік институтының әлсіреуін білдірмейді. Керісінше, Президент лауазымы мемлекеттік жүйедегі басты орын болып қала береді», – деді Мемлекет басшысы.

Жиында Мемлекет басшысы қолданыстағы Парламенттің қызметін қамтамасыз ететін аппараттық құрылымдардың бір бөлігі таратылып, Президент Әкімшілігінің функциялары, құрылымы және оны басқару жүйесі реформаға ұшырайтынын жеткізді. Сондай-ақ мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқарады. Алқалы жиында Президент жаңа Парламентке «Құрылтай» деген атау беруді ұсынды. Заң шығарушы органда 145 депутат болып, олар бес жылға сайланады. Депутаттар пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады. Десе де Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтарда мажоритарлық жүйені сақтап қалу керек деп санайды. Мемлекет басшысы жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квотаны өзгеріссіз сақтап қалуды ұсынды. Бұл айтылғандар – Президент Тоқаевтың конституциялық реформа жөніндегі пайымдары. Оның бәрі референдум кезінде дауысқа салынады.

«Қолданыстағы Конституцияға сәйкес, Конституциялық Сотты, Жоғары аудиторлық палатаны және Орталық сайлау комиссиясын қалыптастыру жөніндегі өкілеттіктер Мәжіліс, Сенат және Президент арасында біркелкі бөлінген. Енді осы маңызды мемлекеттік құрылымдардың барлық мүшесін тағайындау тек Парламенттің келісімімен жүзеге асырылуы жөнінде ұсыныс айтылды. Сондай-ақ еліміздің жоғары өкілді органының депутаттарына Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы соттың барлық судьясын сайлау өкілеттіктерін беру ұсынылды», – деді Президент.

Мемлекет басышысы Парламенттік реформа аясында Ата заңға енгізілетін өзгерістер ауқымды екенін айтты. Сондықтан Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдады. Оның құрамына  100-ден астам азамат кіріп, Конституциялық соттың төрағасы жетекшілік етеді. Президент ертең арнайы Жарлыққа қол қояды.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Астанада Халықаралық экология саммиті өтетінін айтты

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров