Жаңа вирустар анықталған жоқ: дәрігерлер шілдедегі ЖРВИ көрсеткішіне қатысты пікір білдірді

27.08.2026 20:10

Соңғы бір аптада ЖРВИ-дің 5 мың 806 жағдайы тіркелген

Күз келіп, күн суытқанда тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың да таралу қаупі артады. Шілде айында қалада 22 мыңнан астам ЖРВИ дерегі тіркеліпті. Алайда санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының мәліметінше, бұл – қалыпты жағдай, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының мәліметінше, соңғы бір аптада ЖРВИ-дің 5 мың 806 жағдайы тіркелген. Оның жартысынан астамы – 14 жасқа дейінгі балалар. Алайда ауру жұқтырғандардан жаңа немесе бұрын кездеспеген вирус анықталмаған. Яғни азаматтар маусымдық вирустық инфекцияларды жұқтырып жатыр.

«Ауыр жағдайлар қосымша созылмалы аурулары бар, иммунитеті төмен науқастарда байқалады. Жеңіл өтіп жатыр деуге болады. Жаңа вирустық инфекциялар анықталған жоқ. Олар осы сезондық маусымда айналымда жүретін сезондық короновирус, метовирус, пневмовирус сол вирустар лабороторлық жағдайға анықталған болатын», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Қаткенова.

Десе де, көпшілік мамандардың бұл сөзімен келісе қоймайды. Өйткені расында да азаматтарда бұл аурудың белгілері өзгеше өтіпті.

БЛИЦ:

«Бірнеше күнге дейін тамақтан қысып ауырады, іш өтіп жатыр».

«Жөтелден ұйықтай алмаймын, ішім өтеді, қатты ашуланшақ болып кеттім». 

«Мен өзім ауырмадым, бірақ таныстарымның дені қатты ауырып жүр».

Салаға жауаптылар күзгі-қысқы маусымға дайындық қазірден басталғанын айтады. Мәселен, келесі аптадан бастап тұмауға қарсы екпе жүргізіледі. Биыл тәуекел тобына жататын тұрғындар үшін жергілікті бюджет есебінен 250 мың доза вакцина сатып алынбақ.

Дәрігерлердің сөзінше, тұмаудан қорғанудың ең тиімді жолы – алдын алу шарасы. Әсіресе, ауа райы күрт өзгергенде денсаулыққа көңіл бөліп, жылы киіну маңызы. Мұнымен қоса, ауру белгілері бар адамдармен жақын қарым-қатынастан аулақ болып, халық көп жиналатын орындарға баруды шектеген жөн. Сондай ақ қолды жиі жуып, бөлмені желдетіп, қажет болған жағдайда бетперде тағу қажет. Ақ халаттылар айтуынша, дерттен қорғанудың ең тиімді жолы – вакцинация. Сондықтан мамандар тұмау маусымы басталмай тұрып екпе алып, иммунитетті алдын ала қалыптастыруға кеңес береді.

Диана Тұрлыбек, Ялкунжан Әшімжанов

Оқи отырыңыз: «Медеу» диспетчерлік пункті 46 жылдан кейін жаңғыртылып, қайта ашылды

Толық көрсету