Іс шарада тұрғын үйдің құрылысына атсалысқан мердігер компания өкілдеріне құрмет көрсетілді
Жаңа жыл қарсаңында қызылордалық 120 отбасы баспаналы болды. Әлеуметтік осал топ өкілдеріне табысталған жаңа тұрғын үйлер Сырдарияның сол жағалауында жаңадан бой көтерген шағын ауданнан салынған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тоғыз қабатты қос тұрғын үй – сол жағалаудағы биік нысандардың бірі. Жаңа тұрғын ауданнан үй алғандардың бірі – Нұрғалиевтер. Көпбалалы отбасы тұрғын үй кезегіне 6 жыл бұрын тұрған. Отағасы Беріктің айтуынша, бұл – бес баланың несібесі.
«Отбасы болғаныма 12 жыл болған. Осындай бір баспанаға қол жеткізу арманымыз еді. Арманымыз бүгін орындалып, қуанышымызда шек жоқ. Бес баланың әкесімін. Көп балалы ретінде алып жатырмыз. Үйдің ішін кіріп көрдік, іші кең, әдемі, ұнады. Үш бөлме», – деді қала тұрғыны Берік Нұрғалиев.
Қызылордалық 120 тұрғын жаңа пәтердің кілтін алды. Тұрғындардың қуанышына облыс әкімі мен зиялы қауым өкілдері де ортақтасты. Олар халықты баспанамен қамту ісінде Сыр өңірінде байырқалы бастамалар жетерлік екенін тілге тиек етті.
«Қызылордада биыл 3600 пәтерді алуға 60 млрд ақша бөлінді. Соңғы 2 жылда аудандарда 1800-дей тұрғын үй қажеттілігіне сәйкес тұрғындардың игілігіне табысталды. Міне 9 қабатты тұрғын үй берілу алдында тұрмыз. Соңғы 40 жылда 9 қабатты үй берілмеген. Сондықтан жаңа бастама ретінде қабылдауымыз керек», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов
Іс шарада тұрғын үйдің құрылысына атсалысқан мердігер компания өкілдеріне құрмет көрсетілді. Қызылорда облысында бұл бағыттағы жұмыстар келер жылы да жалғаспақ.
Асқар Сәрсенұлы, Еркебұлан Батырбекұлы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Жаңа жылдық сыйлық: Алматыда мамандар мемлекет қамқорлығындағы бүлдіршіндерді құттықтады