Құзырлы орган мекемеге тиесілі 300 тонна сұйық отынды көрші мемлекетке алып бара жатқан 4 вагонды тоқтатқан
Ақтөбе облысында құны 8 миллиард теңге болатын 30 мың тоннадан астам жанармайды контрабандалық жолмен экспорттаған кәсіпорын анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құзырлы орган дәл осы мекемеге тиесілі тағы 300 тонна сұйық отынды теміржол арқылы көрші мемлекетке алып бара жатқан 4 вагонды тоқтатқан. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, полицейлер облыста жалған құжаттар арқылы мұнай ұрлап, тасымалдаған топтың әрекетін әшкерелеген. Сондай-ақ екі өңірде ұйымдастырушылардың нұсқауымен 60 тонна қара алтынды заңсыз тасымалдаған жүк көліктерінің жүргізушілері ұсталған.
Тұрғын үй мен кәсіпорында жүргізілген тінту нәтижесінде 400 тонна мұнай өнімі, атыс және газ қарулары, заңға қайшы операцияларды растайтын құжаттар тәркіленген.
«Анықталған барлық дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді. Ішкі істер министрлігі мұнай өнімдерін ұрлау фактілерін анықтауды жалғастырады», – деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында бір үйдің 7 адамы газдан уланып қалды