Жаңару күні: Шымкентте «Мың ағаш» челленджі басталды

Биыл қала көшелеріне 4 миллионнан аса гүл егіліп, рекорд жаңартылмақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

19 наурыз – Жаңару күні. Табиғат қайта түлеп, жер бетіне жылылық пен үміт дарытқан шуақты шақ. Дәл осы мезетте шымкенттіктер қаланы жасыл желекке бөлеуді қолға алды. Мәселен, шаһарда «Мың ағаш» челленджі басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бейсенбі таңы Шымкент тұрғындары үшін ерекше қарқынмен басталды. Қаладағы әр кәсіпкер 1000 ағаш отырғызып, мегаполис көшелерін жасыл желекке бөлеуді мақсат еткен. Бүгіннің өзінде олардың жартысы жерге тамыр жайып үлгерді. Бұл игі бастама енді өзге кәсіп иелеріне де жолданып, челлендж ретінде жалғасын таппақ.

«Мың ағаш» атты акцияны бастадық. Еңбекші ауданында 180-нен астам кәсіпкер бар. Осы ауданның кәсіпкерлеріне жолдама берсек, қаламыз көркейеді. Биыл жылына 2 рет өткіземіз», – деді кәсіпкер Бауыржан Құлжанов.

Жаңару күнгі игі іске белсенді жастар да жұмылды. Жалпы саны 300-ге жуық азамат қала көшелеріне қара ағаш, шынар мен шырша екті. Ал жыл соңына дейін шаһар аумағына 140 мың түп тал отырғызылмақ.

«Қаламыз тазарса, ауа да тазарады. Алдағы уақытта басқа іс-шаралар болады деп ойлаймын. Өте әдемі қала, оны көркейту – жастардың қолында», – деді студент Қымбат Байбала.

Биыл Шымкент тек жасыл желекке ғана емес, сан алуан гүлге де бөленбек. Осылайша қала көшелеріне 4 миллионнан аса гүл егіліп, рекорд жаңартылмақ. Әрбір өсімдіктің жайқалып өсуі үшін заманауи тамшылатып суару жүйелері іске қосылған.

«2025 жылы қалаға 1 млнға жуық тюльпан егіліп, 1 млн 200-ге жуық біржылдық гүлдер егілсе, биыл 4 млннан астам гүл магистралдық көшелерге, жол жиектеріне, айналма жолдарға егіледі», – деді Жайлы ортаны дамыту басқармасының бас маманы Исатөре Абдулла.

Айта кетсек, Шымкент көшелерін көркейтуге арналған өсімдіктер 2 гектар аумақта орналасқан жылыжайда арнайы баптап өсірілген. Ал рекордтық көрсеткішке қол жеткізу үшін бағбандар таңның атысынан күннің батысына дейін тынымсыз еңбек етіп жатыр.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков

Оқи отырыңыз: Алматыда Жаңару күнінде 400-ден астам ағаш егілді

Новости партнеров