Заңсыз ағаш кесу дерегі: «Семей орманы» резерватының қызметкерлері әшкереленді

Қазір тергеушілер істің барлық мән-жайын анықтап жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Семей орманы» резерватында заңсыз ағаш кесу факті анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, резерваттың бірқатар қызметкері ақша алып, ағаш кесуге жағдай жасады деген күдікке ілінді. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

Тінту барысында бухгалтерлік құжаттар, кесілетін ағаштар мен қаражатқа қатысты жазбалар табылған. Қазір тергеушілер істің барлық мән-жайын анықтап, оған қатысы бар тұлғаларды тексеріп жатыр.

– Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді, – деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің өкілі Қайырлы Ахмет.