Президент комитеттің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгерту керек деді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бір палаталы Парламент құруды ұсынды. Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы осындай бастама көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мемлекет басшысы жылдағы дәстүрден жаңылмай Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бастаманың бірі – көптен бері көпшіліктің арасында айтылып жүрген бір палаталы Парламент жасақтау. Президент бұл бастама жан-жақты талқыланып, референдум арқылы халықтың келісімімен ғана қабылданатынын жеткізді. Егер ортақ шешімге келсе, Парламент тек партиялық тізім бойынша сайлануы мүмкін.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан 3 жыл ішінде міндетті түрде цифрлық ел болуы керек» деді. Үкіметке экономиканың барлық саласына жасанды жадыны енгізуді міндеттеді. Сондықтан да тиісті ведомство құрып, Цифрлық кодексті тезірек қабылдау керек екенін айтты.
«Қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек. Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитеттің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгерту керек деді. Бас прокуратура жемқорлардан 850 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарыпты. Бұл қаражат мектеп, спорт ғимараттары мен денсаулық сақтау нысандарының жөндеу жұмыстарына бөлінеді. Сондай-ақ Ұлттық қорды қосымша инвестиция көзі ретінде қолдану туралы бастама көтерді.
«Жалпы инвестициялық келісім жасау тәсілі өз тиімділігін көрсетті. Біз Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлін қайта қарауымыз керек. Қорды қосымша инвестиция көзі ретінде қолдану үшін ел ішіндегі болашағы зор және нарықтағы әлеуеті жоғары болатын жобаларға қаржы бөлуге болады. Ең бастысы қаражатты мұқият ойластырып жұмсау керек. Бұл іске, қажеті болса, сапалы сараптама жасай алатын халықаралық деңгейдегі басқарушылар мен инвесторларды тартуға болады», – деді Мемлекет басшысы.
Президент бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырған факторларға да тоқталды. Сөзінше, былтыр өзі қол қойған «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» жарлық толық орындалмай отырған көрінеді. Мемлекет басшысы заңды күрделендіре бермей, қайта оны кәсіпкерлердің қажетіне қарай бейімдеуді тапсырды. Сондай-ақ мемлекеттік органдар бизнес өкілдеріне тым қатаң әкімшілік шаралар қолданатынын айтып, мұндай келеңсіздікке жол бермеу керек.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда барлау бойынша жаңа геологиялық зертхана ашу қажет - сарапшылар пікірі қандай