Заңсыз құрылыс: Ақтауда үлескерлер екі жылдан бері баспанаға қол жеткізе алмай келеді

Әкімдік рұқсатынсыз тұрғын үй кешенін салудан Ақтау қаласы көш бастап тұр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстауда баспана аламын деп, уақытында қол жеткізе алмай, сан соғып қалатын үлескерлер азаймай тұр. Әсіресе Ақтауда заңсыз құрылыс деректерінің жиілеп кетуі қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жылтыраған жарнамаға сеніп, бар қаражатын кәсіпкердің қалтасына салған тұрғындар үнемі шағым айтып жатады. Бірі құрылыс сапасына шүйліксе, кейбірі уақытында баспана кілтін ала алмадық деп дау шығарады. Сондай жағдайлардың бірі осыдан бірнеше күн бұрын болған еді. Үлескерлер екі жылдан бері үйімізге қол жеткізе алмай келеміз деп шағым айтқан болатын.

«Екінші жыл болды үйімізді ала алмай жүрміз. Үйімізге көшкіміз келеді. Пәтер жалдап жүрген қыз-жігіттер бар», – деді үлескер Мәриям Желдібаева

«Ешқандай құрылыс жұмыстары 8 айдан бері жүргізілген жоқ. Біз келген сайын  бос сөзбен алдап шығарып салады», – деді үлескер Гүлнұр Тобышқызы.

Қала құрлысына жауапты мамандардың айтуынша, кәсіпкер үй салуға рұқсат алғанымен кейбір құжаттарын сайлап алмай, шаруасын бастап кетеді екен. Олар «Өтірік жарнамасын шындай, шынды құдай ұрғандай етіп жариялайды» дейді. Сәйкесінше, үлескер тартып, арты үлкен мәселеге айналады.

«Құрылыс салуға құжаттарын рәсімдеді» деген сөз үй заңды,тұрғын үйден пәтер алуға болады деген сөз емес. Екінші заң бар, рұқсат құжатын рәсімдегенімен пәтерді сіз бен бізге үлестік қатысуымен сатуға рұқсат берілетін тұрғын үйден ғана алуға болады», – деді облыстық Сәулет және қала құрылысын бақылау басқармасының бөлім басшысы Қуандық Аманқосұлы.

Елімізде үлестік тұрғын үй нарығының 60 пайыздан астамы көлеңкеде. Ең төмен көрсеткіш Шымкент, Атырау, Астана қалаларында. Әкімдік рұқсатынсыз тұрғын үй кешенін салудан Ақтау қаласы көш бастап тұр.

Айта кетейік, 2021 жылдан бері арнайы портал арқылы үлестік құрылыс туралы ресми ақпарат алуға болады. Бірақ бұл мүмкіндікті көп адам біле бермейді. Сайтта әкімдіктің рұқсаты бар, компания кепілдігімен жұмыс істейтін заңды құрылыс нысандары көрсетілген.

«Бұл ақпараттық жүйеде үлескерлердің жеке кабинеті бар, ол заңды үлестік құрылысқа қатысып жүрген азаматтарға өз келісімшарттарының бар-жоғын тексеруге мүмкіндік береді. Барлық тексерулерді тұрғын үй порталы арқылы ақпараттық жүйеде жасауға болады», – деді «ҚТК» АҚ бизнестік процестер және цифрлық даму департаментінің директоры Мирас Базикенов

Сарапшының сөзінше, тұрғын үй сатып алу кезінде компанияның рұқсаты мен кепілдігін тексермей, тек жарнама мен бағаға сену – өте тәуекелді іс. Мамандардығ айтуынша, мәселе тек Ақтауда ғана емес, республика бойынша бақылауды талап етеді.

Оқи отырыңыз: Цифрлық бақылау мен кеден жүйелері салық пен кеден төлемдерін қалай тиімді етті

Новости партнеров