Ауыр соққыдан отағасы мен кәмелетке толмаған 3 бірдей жеткіншек түрлі жарақат алған
Алматы облысында жантүршігерлік жол апатына қатысты сот үкімі шықты. Осыдан 5 ай бұрын Алматы – Жандосов – Бесмойнақ автожолында екі жеңіл көлік соқтығысып, салдарынан бүтін бір отбасы ауыр жарақат алған. Бүгін сот шешімі жарияланып, мас күйде темір тұлпар тізгіндеген жүргізушіге жаза тағайындалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Роман Смирнов әлі күнге дейін сол бір қаралы түнді ұмытқан емес. Жігіт ағасы апат болатын күні балаларын қаладағы сауда орталығының біріне апарып, қыдыртпақ болған. Алайда Алматы – Жандосов – Бесмойнақ автожолында ауди маркалы көлік жарығын қоспай, қарсы бағытқа шығып, жоғары жылдамдықпен Хонда көлігіне соғылыпты. Ауыр соққыдан отағасы мен кәмелетке толмаған 3 бірдей жеткіншек түрлі жарақат алған.
«Ол күн әлі көз алдымда. Мәз-мейрам болып үйден шықтық. Алдымыздан не күтіп тұрғанын білмедік. Қазір сол жол-апатынан кейін әлі ем алып жатрмыз. Үлкен ұлымның жағы, ортаншы ұлымның екі аяғы бірдей сынған, ал қызымның басы жарылып, сүйегі сынған. Өзім аяққа зорға тұрдым, демалу қиын. Еңбекке жарамсызбын», – деді жәбірленуші Роман Смирнов.
Қазір жол апатынан зардап шеккен балалар ұзақ мерзімді оңалтудан өтіп жатыр. Дәрігерлердің сөзінше, әлі де қосымша ем қажет. Ал отбасының жалғыз асыраушысы болған Роман Смирнов еңбекке жарамсыз күйде. Ақ халаттылар оған ауыр физикалық жұмыс істеуге тыйым салған. Соның салдарынан жанұяның әлеуметтік жағдайы да күрт төмендеген. Сондықтан жәбірленуші тарап сотталушыдан 80 миллион теңге көлемінде өтемақы талап етіп отыр.
«Сотталушы осы уақыт аралығында жәбірленуші тараптан бірде-бір рет келіп кешірім сұрамады. Тіпті өзінің кінәсін мойындамады. Алайда 3 бірдей кәмелет жасқа толмаған балалар ауыр жағдайда. Әкесі біреудің немесе қандай да бір құралдың көмегінсіз қозғала алмайды», – деді жәбірленушінің қорғаушысы Кристина Гринберг.
Бүгінде аталған жайт бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 1-бөлігі 2-тармағы яғни, масаң күйде көлік тізгіндеп, жол апатын тудыру бойынша іс қозғалған. Процесс барысында айыпталушының ішімдік ішіп, рөлге отырғаны анықталды. Сәйкесінше, сот шешімімен азамат кінәлі деп танылды.
«Сот үкім етті: Ералы Анварович Нұрғазиев ҚК 345-1 бабының 2 бөлігінде көзделген қылмыстық құқыбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 10 жыл мерзімде көлік құралын жүргізу құқығынан айыра отырып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалсын. Кәмелетке толмаған Нүриева, Нүриев, Смирновтың заңды өкілі Гоголадзенің пайдасына 35 млн теңге мөлшерінде моральды зиян өтемақысы өндірілсін», – деді сот Дінмұхаммед Адайбаев.
Алайда жәбірленушілер бұл үкіммен толық келіспейді. Өйткені келтірілген моральдық және материалдық шығын әлдеқайдакөп. Әсіресе, отағасының еңбекке жарамсыз болып қалуы бүтін бір жанұяның әлеуметтік жағдайына ауыр соққы болған.
Диана Тұрлыбек, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Диагностика аллергияның нақты себебін анықтай алады - Арай Батырбаева