Тәртіп сақшылары бейтаныс жанмен алғашқы кездесуді көпшілік орында өткізуге кеңес береді
Сұлуға сүйсініп, сан соғып қалмаңыз! Алматыда әлеуметтік желі арқылы танысып, романтикалық кездесуге асыққан азаматтар қалтасындағы қаражатынан қағылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әлеуметтік желіні аша қалсаң, «жар іздеймін» деп жар салған жазбалардан көз сүрінеді. Тіпті танысып, бірге уақыт өткізуге қарсы емес арулар да аз емес. Бірі жасын, енді бірі бойы мен салмағын көрсетіп, болашақ серігіне қоятын талабына дейін тізіп қояды. Ал тартымды суреттің артында қандай ниет жатқанын аңғару оңай емес.
Өмірлік жар болатын жан іздеймін. Ең біріншіден адами
Осындай тартымды жазбалардың бірі алматылық 27 жастағы азаматтың да назарын аударған. Екі жарым ай бұрын әлеуметтік желіде танысқан бойжеткенмен әңгімесі бірден жарасыпты. Үш күн бойы хат алмасқан екеуі ақыры жүзбе-жүз кездесуге уағдаласқан. Алайда көптен күткен кездесудің қызығы көпке созылмапты.
"Біз ол қызбен жылдам әрі тез танысып кеттік десек те болады. Әңгімеміз жылдам өрбіп, жараса кетті. Мен ол қызға қандай әңгіме айтсам да көңілімді көтеретін жауаптар айтып, қызықты әңгімелер қозғай бастады және екі-үш күн шамасында мені кездесуге шақырды. Мен бірден келістім, себебі жаныма жағымды болды және кездесудің аяғы осылай болатынын мен мүлде ойламадым", - деді тұрғын.
Жас жігіттің айтуынша, алғашқы кездесу қалыпты басталған. Әңгіме барысында бойжеткен жігітті пәтеріне шақырыпты. Еш күмәнданбаған ол ұсынысты қабыл алған. Алайда екеуі оңаша қалғанда үйге бейтаныс үш ер адам баса-көктеп кіріп, өзін қыздың ағалары ретінде таныстырған. Олар жігітті қорқытып, ақша талап еткен. Осылайша жүздесудің соңы бопсалауға ұласқан.
"Ағалары мені бірден ұра бастады. Олар қарындасымызға сен тиістің, зорладың деген әңгімелер айта бастады. Мен негізі мүлдем ондай ойым болған жоқ. Себебі мені кездесуге шақырғаннан кейін мен қуана келістім. Бәрі жақсы болады деп ойладым. Басқа ойым жоқ еді, ағалары мені бопсалап, мәжбүрлеп, өзімнің студент екенімді қанша айтсам да несие алуға және де менен ақша талап етті", - деді тұрғын.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл – қылмыскерлердің әбден меңгерген айласы. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері дәл осындай тәсілмен азаматтарды тонаған төрт қылмыстық топтың мүшелері ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
"Қылмыстық кодексінің 191-бабы, тонау дерегі бойынша, сонымен қатар алаяқтық дерегі болуы мүмкін 190-бап немесе бопсалау дерегі бойынша қылмыстық істер қозғалады. Ол алған оқиғаның хронологиясына міндетті түрде байланысты болады. Сақтық шараларын танытыңыздар. Кездесуге уәделессеңіз, кіммен кездесетініңізді біліңіз. Қандай да бір қылмыстық, заңға қайшы әрекеттерге жол бермеңіз", - дедіПолиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Тәртіп сақшылары бейтаныс жанмен алғашқы кездесуді көпшілік орында өткізуге кеңес береді. Ал қорқыту мен бопсалауға тап болған жағдайда дереу полицияға жүгіну қажет. Өйткені желідегі жылы сөз бен сұлу суреттің астарында арам пиғыл жатуы мүмкін.
Мәди Мәлік, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Диплом жазғанда ЖИ қолдануға бола ма – министрдің жауабы