Халықаралық ғылыми конференцияға Қазақстан, АҚШ, Ресей және Қырғыз Республикасынан келген ғалымдар мен сарапшылар қатысты
Алматыда жас ғалымдар бас қосқан халықаралық ғылыми конференция өтті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұйымдастырылған жиын III Халықаралық жас ғалымдар конгресі аясында өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Оған Қазақстан, АҚШ, Ресей және Қырғыз Республикасынан келген ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Конференцияда адами капиталды дамыту, білім мен ғылымдағы жасанды интеллектінің мүмкіндіктері, дарынды жастарды қолдау және цифрлық дәуірдегі еңбек құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ әлеуметтік ғылымдар бағыттары бойынша 35 елден жиналғандардың жұмыстарын талқылау, халықаралық байланыс орнату жұмыстары жүргізілді.
«Әлеуметтік салада цифрландыру қалай жүзеге асып жатыр, жасанды интеллект қалай оған еніп жатыр, оның қандай жеңілдіктері бар? Осы бағыттардың бәрін қамтып жатыр. Бүгінгі сессияның басты мақсаты - жасанды интеллект пен әлеуметтік салалардың бір-бірімен дисциплинааралық байланыстарды жаңа деңгейге көтеру», деді ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Қуаныш Тастамбек .
Айта кетейік, конгресс аясында қатысушыларға университеттің ғылыми-инновациялық мүмкіндіктері де таныстырылды. Шетелдік делегаттар заманауи зертханалар мен ғылыми орталықтарды аралап, қазақстандық ғалымдардың әзірлемелерімен танысты. Алдағы уақытта мұндай халықаралық кездесулер аясында бірлескен зерттеулер жүргізіп, ғылыми жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.
Оқи отырыңыз: Алматыда маңызды инфрақұрылымдық жобалар талқыланды