Алматы облысы Талғар ауданындағы Ақтас ауылына қарасты 600 үй жарықсыз қалуы мүмкін
Алматы облысы Талғар ауданында жұрт жарыққа төлеген ақшасының қайда кеткенін білмей дал. Түбіртексіз жиналған қаражат, есепсіз кеткен миллиондар енді қарапайым халықтың мойнына қарыз болып ілінді. Тұрғындардың айтуынша, жарыққа жауапты болған бау-бақша бірлестігінің бұрынғы төрағасы елді берешекке батырып, ізін суытқан,
Алматы облысы Талғар ауданындағы Ақтас ауылына қарасты 600 үй жарықсыз қалуы мүмкін. Бұрын «Вишневый сад» аталған бау-бақша массиві елдімекен мәртебесін алғанымен, мәселе шешілмепті. Керісінше, жылдар бойы қордаланған түйткіл енді тұрғындардың мойнына ауыр жүк болып артылып отыр. Жергілікті халықтың сөзінше, олар ай сайын жарық үшін өз мерзімінде ақша төлеп келген. Алайда қаражаттың қайда кеткені белгісіз. Жұрт «бау-бақша бірлестігінің бұрынғы басшысы жиналған қаржыны электр қуатын жеткізуші компанияға аудармаған деген күдік бар» дейді. Соның салдарынан қомақты қарыз жиналып қалған көрінеді.
«Өзіміз төраға сайлап, сол кісінің атына ақша жинап, барлық төлемді жасаймыз. Осыған дейінгі әкімшілік бізді 2 миллион теңге қарызбен қалдырып кетті. Оны шешіледі деп жүргенде, берешек жаңа басшылық келгелі 13 миллионға өсіпті. Төрағамыз жарық компаниясы қосымша жарна қосып отырғанын айтты. Алайда компания басшылығы ешқандай жарна жоқтығын айтты», – деді Кеңдала ауылдық округінің тұрғыны Іңкәр Махмуова.
Халықтың қазіргі бау-бақша бірлестігі төрағасына да сұрақтары көп. Қарыз 2 жылда еселеп өсіп, 13 миллионнан асып кеткен. Ең сорақысы – берешектің қалай жиналғаны да, кімнің нақты қарыз екені де ашық айтылмапты. Есеп-қисап пен берешек көлемін көрсетуді талап еткен халық бірнеше рет сотқа жүгініп, жеңген. Алайда әзірге нәтиже болмай тұр.
«Төраға Тахтиев, тіпті жауап та бермейді. Бәріне өзінің қазынашы, кассирі жауап береді. Қарыз адамдардың да тізімін бермейді», – деді Кеңдала ауылдық округінің тұрғыны Рамиль Рахметов.
Ал бау-бақша бірлестігі өкілінің айтуынша, кей тұрғындар жарыққа уақытылы ақша төлемей, қосымша жарналарды да бермеген.
«Бұл жерде 600 үй бар. Кей учаскелер бос. Ешкім тұрмайтын жерлер бар. Қарыз 2019 жылдан өсіп жатыр. Қазір еселеп кетті. 2024 жылы ауыл мәртебесін берді. Біз олардың ревизиялық комиссиясына сенбейміз, олар бізге сенбейді. Бәрін ішкі тексеріс шешсін», – деді Бау-бақша серіктесігінің өкілі Гүлнәр Есентаева.
«Қарызды төлеу бойынша өзара ішкі жұмыстарын жүргізеді. Сонымен бірге сметаларын бекіту жұмыстарын қолға алады. Жақында бекітеміз деп келісіпті. Сосын аудит мәселесі. Оны талап етіп отырған себебі 2023 жылдан қазіргі уақытқа дейін толық ревизия жүргізілмеді. Сондықтан қарыздың қайдан шыққанын білу керек», – деді Кеңдала ауылдық округі әкімінің орынбасары Әйгерім Айтжанова.
Мәселені жан-жақты зерделеу үшін аудит жүргізіліп, нақты тексеріс тағайындалмақ. Электр жарығына жауапты компания да тұрғындарға қосымша уақыт береміз деп уәде еткен. Алайда елдімекенде жарық таңертең өшіп, кешке бірақ қосылып, күнкөріс қиындап кеткен. Аудан әкімдігі жиналысында осы мәселеге қатысты ішкі аудит айдың соңына дейін жүргізіледі деген шешім қабылданған.
Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Қарындасымның арын таптағандарға кешірім жоқ: жетім қызды зорлаған 8 жігітке қатысты қылмыстық іс қозғалды