Жасанды интеллект дәуірі: Алматыда ІІ жас зерттеушілер форумы өтті

Форумда ғылымдағы буынаралық сабақтастыққа да ерекше мән берілді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Қазақстан ғылымының қара шаңырағы – Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойы аясында ІІ жас зерттеушілер форумы өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

«Жасанды интеллект дәуірі» тақырыбын арқау еткен жиын мектеп оқушыларының ғылыми ізденісін қолдап, олардың заманауи технологиялар бағытындағы жобаларын таныстыруға арналды. Форумға еліміздің 13 өңірінен 385 оқушы қатысты. Жалпы алаңға 35 мектептің дарынды шәкірттері мен ғылыми жетекшілері жиналды. Жас зерттеушілер жасанды интеллект, робототехника, биомедицина, энергетика, экология және цифрлық білім беру салалары бойынша әзірлемелерін ұсынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар мектеп қабырғасынан бастап ғылыми ойлау мәдениетін қалыптастырып, жаңа технологияны саналы әрі жауапты қолдана алатын буынды тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

«Астероидтық қауіпсіздіктің жаңа деңгейімен таныстырамын. Жобамның тақырыбы: «Астероидтық қатерлерді ерте анықтау жүйесі». Жасанды интеллект арқылы қандай да бір жерге төнген қауіпті тез уақытта анықтай аламын. Мысалға, жерге астероидтық қауіп төнген кезде мен оның жылдамдығын, көлемін, арақашықтығын және де пішінін біле аламын. Идея астрономияға деген қызығушылығымнан пайда болды», – деді № 7 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Кәусар Сайлауханова (Астана).

Форумда ғылымдағы буынаралық сабақтастыққа да ерекше мән берілді. Іс-шара аясында Ұлттық ғылым академиясының жаңадан сайланған академиктері мен шетелдік мүшелері таныстырылып, мерейтойлық төсбелгілер табысталды. Сондай-ақ жас қатысушылар үздік жобалары мен шығармашылық жұмыстары үшін марапатталды. Ұйымдастырушылар бұл алаң оқушыларды ғылымға жақындатып қана қоймай, академиктер мен жас зерттеушілер арасындағы байланысты нығайта түсетінін атап өтті.

«Форумның мақсаты – жастарды ғылымға тарту. Мектептен бастап, студенттік шақтан бастап ғылымға келуі керек. Жас ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсетеді. Грант, стипендия беріледі, жобаларын ұсына алады, тұрғын үй мәселелері де қарастырылатын болады», – деді ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.

Оқи отырыңыз: Алматы облысында Достық үйінің іргетасы қаланды

Новости партнеров