Елімізде «Жасанды интеллект туралы» заң күшіне енді. Енді нейрожелі арқылы жасалған кез келген контент арнайы белгіленіп, оның шынайы еместігі ашық көрсетілуі тиіс. Бұл талап құжатта жасанды интеллект жүйелерінің иелері мен оны пайдаланушылардың жауапкершілігін нақты айқындауға бағытталған. Жаңа заң тағы қандай міндеттер жүктейді?
Осы және өзге сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне қарасты Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитеті Мемлекеттік басқармасының сарапшысы Бақберген Шәріпбек жауап береді.
– Бақберген мырза, жаңа заң қарапайым азаматтардың жеке деректері мен құқығын қалай және қандай тетіктер арқылы қорғайды?
«Жеке деректерді қорғау және өңдеу, сақтау тек заң талаптарына сай және де адамның келісімімен ғана рұқсат етіледі. Сонымен қатар азаматтар өздеріне қатысты шешім қабылдауда ЖИ қолданғаны туралы хабардар етілуге және бұл шешіммен келіспеген жағдайда оны даулауға құқылы».
– Жасанды интеллектіні қолдануда қандай тыйымдар бар?
«ЖИ қолданарда адамның мінез-құлықына жасырын әсер етуге және де келісімінсіз биометриялық деректерді өңдеуге немесе біреудің жай-күйіне, эмоциясына әсер ететін туындылар жасауға және де жалған ақпарат таратуға тыйым салынған».
– ЖИ көмегімен жасалған контентті міндетті түрде таңбалау туралы және авторлық құқық бойынша айта кетіңізші. Заңды бұзғандар қалай жазаланады?
«Авторлық құқық мәселесіне келетін болсақ, егер шығармашылық толығымен ЖИ көмегімен жасалған болса, авторлық құқық объектісі болып саналмайды. Егер адамның үлесі бар болса, адам арнайы пронттар беріп, сол арқылы туынды жасаса, авторлық құқық объектісі болып есептеледі. Сонымен қатар, ЖИ жүйесімен меншік иесі өзінің өнімін пайдаланушыға ұсынған кезде міндетті түрде ЖИ көмегімен жасалғанын туралы хабардар етуі тиіс. Егер хабардар етілмеген жағдайда, ЖИ иегерімен меншік иесіне арналған айыппұл көзделген. Бұл жеке тұлғаларға 15 АЕК, шағын кәсіпкерлік субьектілерге 20 АЕК, орташа кәсіпкерлік субьектілерге 30 АЕК және де ірі кәсіпкерлік субьектілеріне 100 АЕК. Сонымен қатар егер бұл әкімшілік құқық бұзушылық қайталанған жағдайда екі еселенеді».
Оқи отырыңыз: Қазақстанда дербес деректерді таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілуі мүмкін