Жасөспірімдер қауіпсіздігі: Алматыда профилактикалық жұмыстар күшейтілді

polisia.kz
polisia.kz

Бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және ойын-сауық орындарының қызметін бақылау бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Медеу ауданындағы түнгі клубтардың бірінде жүргізілген тексеру барысында заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемесінде болған екі кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды.

Аталған дерек бойынша жасөспірімдердің ата-аналарына балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік материалдар толтырылды. Сонымен қатар түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орнына кіруіне жол берген жеке кәсіпкер де жауапкершілікке тартылды.

Сот шешімімен түнгі клубтың қызметі уақытша тоқтатылды.

- Біз ойын-сауық орындарының иелеріне кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта мекемеге кіргізуге жол берілмейтіні жөнінде бірнеше мәрте ескерту жасадық. Соған қарамастан кейбір кәсіпкерлер заң талаптарын елемеуді жалғастырып отыр. Әрбір осындай құқық бұзушылық қатаң әрі бұлтартпас жауапкершілікке әкелетінін атап өткім келеді. Қызметті уақытша тоқтату — ерекше шара емес, заң аясындағы нақты әрекет. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі — басты назарда. Сондықтан бақылау жұмыстары алдағы уақытта да күшейтіле береді, — деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасылов.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Эфиопия Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады

Новости партнеров