Жасөспірімдерге сатуға тыйым салынды: энергетикалық сусындардың зияны қандай

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Сатушылар сатып алушының жасына күмәнданған жағдайда жеке куәлігін талап етуге міндетті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда энергетикалық сусындарды тұтынудың зиянына байланысты түсіндіру жұмыстары күшейтіліп жатыр. Мамандардың айтуынша, мұндай сусындарды шамадан тыс пайдалану адам денсаулығына, әсіресе жасөспірімдердің ағзасына кері әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

2025 жылдың қаңтар айынан бастап күшіне енген заңнамаға сәйкес, энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынған. Тиісті норма «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте бекітілген.

Енді сауда орындарында «Энергетикалық сусындарды жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салынады» деген ескерту жазбасы көзге көрінетін жерде орналасуы тиіс.

Сонымен қатар сатушылар сатып алушының жасына күмәнданған жағдайда жеке куәлігін талап етуге міндетті. Егер құжат ұсынылмаса, өнімді сатудан бас тартуы керек.

Мамандар энергетикалық сусындардың құрамында кофеин мен ағзаны қоздыратын басқа да заттардың мөлшері жоғары болатынын айтады. Бұл жүрек қағысының жиілеуіне, қан қысымының көтерілуіне, ұйқының бұзылуына және жүйке жүйесіне салмақ түсуіне себеп болуы мүмкін.

Түркістан облыстық прокуратурасының мәліметінше, жүргізілген тексерулер барысында кейбір сауда орындарының жаңа талаптардан хабарсыз екені анықталған.

"Осыған байланысты дүкендерде, соның ішінде мектеп маңындағы сауда нүктелерінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы ескерту жазбалары орнатылған", - делінген прокуратура мәліметінде.

Айта кетейік, заң талаптарын бұзып, энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатқан тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Оқи отырыңыз: Алматы экономикасына 476 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды

Новости партнеров