«Жастар практикасы» жас мамандарға еңбек жолын бастауға мүмкіндік береді

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Жастар практикасы түлектің алған мамандығы бойынша ұйымдастырылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жоғары оқу орнын немесе колледжді бітірген жастардың жұмысқа орналасуына кедергі болатын негізгі мәселелердің бірі еңбек тәжірибесінің болмауы. Дипломы болғанымен, жұмыс берушілер көбіне тәжірибесі бар қызметкерді іздейді. Осы мәселені шешу үшін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Жастар практикасы» бағдарламасын іске асырып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бағдарлама түлектерге өз мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға, оқу кезінде алған білімін іс жүзінде қолдануға және жұмыс берушінің талаптарына бейімделуге мүмкіндік береді. Осылайша, олар еңбек нарығына араласып, таңдаған кәсібі бойынша тәжірибе жинай бастайды.

«Жастар практикасына» техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын бітірген, 35 жастан аспаған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Олар оқуын соңғы бес жыл ішінде аяқтаған және алған мамандығы бойынша еңбек өтілі болмауы керек. Бағдарламаға қатысу үшін жұмыссыз ретінде тіркелу қажет.

Жастар практикасы түлектің алған мамандығы бойынша ұйымдастырылады. Оның ұзақтығы 12 айдан аспайды. Бағдарламаға қатысушы ресми түрде жұмысқа орналасып, жалақы алады. 2026 жылы ай сайынғы жалақы мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті, яғни 129 750 теңгені құрайды. Жалақы бюджет қаражаты есебінен төленеді.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – алғашқы кәсіби тәжірибе жинауға жағдай жасау. Қатысушы жұмыс берушінің талаптарына бейімделіп, алған білімін іс жүзінде қолданады әрі кәсіби дағдыларын жетілдіреді. Бұл оның кейін тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырады.

Жұмыс беруші жас маманға тәжірибелі қызметкерді тәлімгер етіп бекітеді. Тәлімгер оған жұмыстың қыр-сырын үйретіп, кәсіби білімі мен тәжірибесін бөліседі. Бұл еңбек жолын енді бастап жатқан түлектер үшін маңызды.

Биыл «Жастар практикасына» 25 мың қазақстандықты қамту жоспарланып отыр. 1 тамыздағы жағдай бойынша олардың 8,5 мыңға жуығы бағдарламаға қатысуға жолданған.

«Жастар практикасына» қатысу үшін алдымен Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында жұмыссыз ретінде тіркелу қажет. Тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығына барып, бағдарламаға қатысу тәртібі туралы кеңес алуға да болады.

Оқи отырыңыз: Әскери-тарихи музей алғаш рет археологиялық экспедицияға қатысты