Жасыл балабақша: Атырауда бүлдіршіндер жылыжайда еңбекке араласып жүр

Бақша баптау бастамасына бөбекжай тәрбиешілері ұйытқы болған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атыраулық бүлдіршіндер балабақшада еңбекке араласып жүр. «Жасыл балабақша» жобасы аясында олар жылыжайдың қыр-сырын үйреніп, тәрбиешілермен бірге қияр, қызанақ, құлпынай егіп, жемісін көріп отыр. Осылайша, бөбекжай қызметкерлері ұл-қыздарды ерте жастан еңбекке баулуда, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен «Жасыл балабақша» жобасы аясындағы бұл бастамаға бөбекжай тәрбиешілері ұйытқы болған.

Балабақша меңгерушісі мен тәрбиешілер бірлесіп, қаңтар айында көкөніс тұқымдарын еккен. Сәуірде жылыжай салынып, жас көшеттер отырғызылған. Қазір жылыжайды қызықтаған балалар ойыннан гөрі еңбекке көбірек ден қойып жүр.

«Жылыжайда қияр, баялды, қызанақ, түрлі жасыл желек пен құлпынай өсіп тұр. Қазір ұжымымызбен жылыжайды ғимараттың ішіне көшіру мәселесін қарастырып жатырмыз. Орын дайындалды. Сол жерге көшіріп, бұл жұмысты одан әрі дамытамыз. Тек флорамен ғана шектелмей, фауна бағытын да қолға алуды жоспарлап отырмыз», – деді бөбекжай меңгерушісі Алмажай Құбайдолла.

Мұндай бастамаға өзге бөбекжайлар да қосылып, жылыжай салып, гүл өсіре бастаған. Осылайша, ұстаздар ұл-қыздарды бау-бақша баптауға үйретіп, экологиялық мәдениетті ерте жастан қалыптастыруды көздейді.

«Балалармен бірге далада өсірілетін көкөністер мен гүлдерді зерттеу-бақылау жұмысын тобымызда бастадық. Балалар дәнді өздері егіп, оның өсу кезеңдерін бақылап отырды. Әртүрлі өзгерістерді бақылай отырып, олардың танымдық қабілеттері дамыды», – деді бөбекжай тәрбиешісі Гүлнар Жанұзақова.

Жылыжайда қазір тамшылатып суару жүйесі іске қосылып, күннен қуат алатын қондырғы орнатылған. Бұдан бөлек, тыңайтқыш ретінде пайдаланылатын жауын құрттары өсіріліп, оларға жеміс-жидек пен көкөніс қалдықтары беріледі.

Жұлдыз Қайратқызы, "Алматы" телеарнасы, Атырау облысынан

Оқи отырыңыз: Бір QR-код барлық банкте: Қазақстанда жаңа төлем жүйесі іске қосылады