Кездесу «Тұрақты жол» ұлттық әлеуметтік экологиялық науқанының аясында ұйымдастырылған
Алматыдағы Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтында саладағы өзгерісті талдауға бағытталған «Жасыл импульс» форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кездесу «Тұрақты жол» ұлттық әлеуметтік экологиялық науқанының аясында ұйымдастырылған. Халықаралық ұйымдар, мемлекеттік сектор мен бизнес өкілдерін, сала мамандарын бір алаңда тоғыстырды. Сарапшылар экологиялық мәселелерді талқылап, жасыл экономиканы ілгерілету, көміртекті трансформация және қалдықтарды басқару тақырыбын көтерді. Қаржы секторының климаттық мақсаттарға жетудегі рөлін де сөз етті. Қатысушылар 2026 жылы Астанада өтетін экологиялық саммитке арналған ұсыныстар жобасын да дайындап, оны ашық пікірталас форматында талқылап жатыр.
«Жасыл импульс» атауы берілген іс-шара салаға бей-жай қарамайтын барлық сарапшының басын қосты. Бүгін мамандармен арадағы серіктестікті қалай дамытамыз, тұрақты даму жоспарын тиімді жүзеге асыру үшін қандай қадамдар жасай аламыз деген сауалдарға жауап іздеп жатырмыз», – деді ұйымдастырушы Сәбина Ақжарова.
«Келер жылы өтетін саммит 8 бағытты қамтиды. Экология тақырыбы өздеріңізге де белгілі, өте ауқымды. Қазір климаттағы өзгеріс және онымен күрес мәселелері өзекті болып тұр. Сондай-ақ қаржыландыру ісіне де көп көңіл бөлуіміз керек. Халықаралық ұйымдардың «жасыл», қоғамға пайдалы жобаларды қолдауы үшін, олардың маңыздылығын дұрыс жеткізе білуіміз қажет. Себебі сондай қадамдар аймақта жауапты жұмыс атқаруымызға, келешектің қамын ойластыруға жағдай жасамақ», – деді Орталық азия климаттық қоры жобалық офисінің басшысы Ерлік Қаражан.
Оқи отырыңыз: Сиқырлы саусақтар: Алматыдағы білім ордаларының бірінде қуыршақ театры ашылды