Қазақстанда созылмалы бүйрек ауруының алдын алу шаралары күшейтіліп жатыр
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүйрек аурулары әлем бойынша 800 миллионнан астам адамды қамтитын өзекті мәселе. Мамандар әрбір оныншы адам осы дертке шалдыққанын айтады. Әсіресе созылмалы бүйрек ауруы (СБА) бастапқы кезеңде білінбей өтеді, бірақ асқынған жағдайда жүрек-қантамыр ауруларына, өмір сапасының төмендеуіне және бүйрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Аурудың соңғы сатысында науқастар диализге немесе бүйрек трансплантациясына тәуелді болады. Алайда бұл ем түрлері толық сауығуды қамтамасыз етпейді.
ДСМ баспасөз қызметінен хабарлағандай, СБА-ны ерте анықтау – өмірді сақтаудың негізгі факторы. Қан мен несеп талдаулары секілді қарапайым әрі қолжетімді әдістер арқылы ауруды бастапқы кезеңде анықтап, оның асқынуын баяулатуға болады.
Қауіп тобына қант диабеті, артериялық гипертензия, жүрек-қантамыр аурулары, семіздікке шалдыққан және тұқым қуалайтын бейімділігі бар азаматтар жатады.
"Қазіргі таңда елімізде бүйрек трансплантациясын күтіп тұрған 4506 пациент бар, оның ішінде 123-і – балалар", - делінген министрлік хабарламасында.
Саланы дамыту мақсатында елімізде бірқатар жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, UMC базасында Республикалық нефрология орталығы құрылған. Мұнда консервативтік ем, диализ және трансплантация бағыттары біріктірілген.
Сонымен қатар 2026 жылдан бастап өңірлік ауруханаларды жаңғырту жұмыстары басталып, нефрологиялық бөлімшелер ашу және амбулаториялық орталықтарды кеңейту жоспарланған. Дәрігерлерді даярлау да күшейтіліп, медициналық жоғары оқу орындарында резидентура бағдарламалары бойынша мамандар оқытылып жатыр.
Бұдан бөлек, артериялық гипертензия мен 2 типті қант диабеті бар науқастарда бүйрек қызметін ерте анықтауға арналған жаңа зерттеулер енгізілді.
Елімізде донорлықты дамыту мақсатында арнайы үйлестіру орталығы құрылып, қазір 11 трансплантация орталығы жұмыс істеп тұр.
Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, уақтылы тексерістен өтуге шақырады. Мамандардың айтуынша, бүйрек саулығын сақтау – ұзақ әрі сапалы өмірдің кепілі.
Оқи отырыңыз: Көктемде қандай дәрумендер қабылдау қажет - мамандар кеңесі