Жатыр мойны обырын ерте анықтауға бағытталған түсіндіру жұмыстары басталды

20.01.2026 16:20

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында мәлім болды

Алматыда жатыр мойны обырын ерте анықтау және алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қолға алынды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы онкологиялық орталығы директорының орынбасары Райхан Болатбекова баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Спикердің сөзінше, қауіпті дерт – әйелдер арасында ең көп тараған онкологиялық аурудың бірі. Сондықтан Пап-тест және Адам паппиломасы вирусының сынақтарынан жиі өтіп тұру керек екенін еске салды. Бүгінде елімізде 30-дан 74 жасқа дейінгі әйелдерді қамтитын жатыр мойны обырын скринингтен өткізу жөніндегі Ұлттық бағдарлама жұмыс істейді. Бұл шара ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

«Көптеген әйелдер жатыр мойны қатерлі ісігімен көбінесе 40-44 жасында осы ауырады. Өздерінің поликлиникасында тегін скринингке қатыса алады. Бұл –қатерлі ісікті ерте анықтап, уақытылы емдеуге болатын әдіс», – деді Онкология орталығы директорының орынбасары Райхан Болатбекова.

Сонымен қатар елімізде адам папилломасы вирусына қарсы салынатын вакциналау бағдарламасы да бар. 2024 жылғы қыркүйектен бастап мектептерде ата-аналардың келісімімен жасөспірім қыздарға екі дозалы екпе салына бастады. Былтырғы қыркүйек пен желтоқсан айының аралығында Алматыда 12 мыңнан астам қыз бала егілді. Қолданылатын вакцина жатыр мойны обыры мен басқа да онкологиялық ауруларды тудыратын вирустың ең қауіпті түрінен қорғайды. 

«Алматы бойынша 554 әйелде сондай ауру табылды. Оларды алдын ала емдеп, сол қатерлі ісікке дейін жібермеу – жұмысымыз. Алдын ала қатерлі ісікке аумай тұрғанда немесе ең болмаса бірінші сатыда ем бастаса,100 пайыз емделіп шығады», – деді онколог дәрігер Сұлу Садықова.

Оқи отырыңыз: Елімізде вице-президент лауазымы пайда болады