Елімізде вице-президент лауазымы пайда болады

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсыныс айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде вице-президент лауазымы пайда болады. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сөзінше, вице-президентті парламент келісімімен Президенттің өзі тағайындайды. Ол Парламентте, халықаралық іс-шараларда және шетелдік серіктестермен жүргізілетін келіссөздерде Мемлекет басшысының мүддесін қорғайды. Ал мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқарады. Сондай-ақ қолданыстағы Парламенттің қызметін қамтамасыз ететін аппараттық құрылымдардың бір бөлігі таратылып, Президент Әкімшілігінің функциялары, құрылымы және оны басқару жүйесі реформаланады

«Вице-президент президенттің тапсырмасымен халықаралық форумдар мен шет мемлекеттердің делегацияларымен келіссөздерде Қазақстан республикасының мүддесін, Парламентте Президенттің мүддесін білдіретіні, отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми, мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайтыны, Президенттің өзге де тапсырмаларын орындайтыны көзделеді. Вице-президенттің қызметтік функционалына қатысты осы негізгі ережелерді Конституция мәтінінде де көрсеткен жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Алқалы жиында Президент жаңа Парламентке «Құрылтай» деген атау беруді ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев «еліміздің саяси жүйесінде «Құрылтай» атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек» деді. Ал жұмыс тобы депутат саны 145 болуы керек деген байламға келген. Депутаттар пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады. Жаңа параламентте Президент пен Қазақстан халқы ассамблеясының арнайы квотасы алынып тасталады. Мемлекет басшысы жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квотаны өзгеріссіз сақтап қалуды ұсынды.

«Депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады. Мұндай тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтеді. Сондай-ақ олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады. Кейбір партиялар Парламентпен қатар барлық деңгейдегі мәслихаттарды пропорционалды жүйемен жасақтауды ұсынғанын білемін. Бірақ аймақтарда мажоритарлық жүйені сақтап қалу керек деп ойлаймын. Еліміздің өңірлерінде жергілікті азаматтардың дауыстары, пікірлері жақсы естілуі қажет. Бұл – мен үшін айқын ұстаным», – деді Президент.

Оқи отырыңыз: Мемлекеттік кеңесші лауазымы жойылады

 

Новости партнеров