Зауыттағы жарылыс: зардап шеккен 4 адам көз жұмды

«Азияагрофуд» кәсіпорнында бес күн бұрын ұн сақтайтын қоймада жарылыс болды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Қарасай ауданындағы ұн зауытында болған жарылыс 4 бірдей азаматтың өмірін қиды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Азияагрофуд» кәсіпорнында бес күн бұрын ұн сақтайтын қоймада жарылыс болды. Алдын ала мәліметке сәйкес ұн тозаңы тұтанып, қысымның әсерінен жарылған. Бірнеше жұмысшы жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Кәсіпорында қазір тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Сол себепті кіруге рұқсат жоқ. Ал куәгерлердің айтуынша, сол күні қатты дүмпу естіліп, айналаны қою түтін басқан.

 «Гүрс ете қалды. Бізде далаға шықтық, көк түтін болып кетті. Жолаған жоқпыз», – деді кәсіпорын қызметкері Қуаныш Сыдықов.

«Жұмыс жасап жатқан кезде жігіттер жүгіріп келді. Әуелі шаң шықты, біраздан кейін түтін шыға бастады. Сәлден кейін жедел жәрдеп көлігі, полиция келді», – деді ауыл тұрғыны Абай Жолдасбаев

Айта кетейік, төтенше жағдай 23 мамырда сағат 10:00 шамасында болған. Өрт тоғыз қабатты элеватор ғимаратында, астық қалдықтарының шаң-тозаңының тұтануынан басталған. Жалын 1377 шаршы метр аумақты шарпыды. Құтқару операциясына Алматы облысы мен Алматы қаласы ТЖД-нің 100-ден астам қызметкері мен 31 техникасы жұмылдырылды. Төрт адам ауыр күйікпен ауруханаға түсті.

«23 мамырда жарылыстан зардап шеккен 4 азамат Қаскелеңдегі «Қарасай клиникалық көпбейінді аудандық ауруханасына» жеткізілді. Олар 80-90 % ауыр күйік жарақатымен түсті. Облыстық деңгейдегі арнайы дәрігерлер, нақты айтсақ, комбустиолог пен реаниматологтың қатысуымен барлық қажетті ем-шаралар жасалды. Алайда көрсетілген медициналық көмектерге қарамастан, олардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады», – деді Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Төтенше жағдайдан көз жұмғандардың бірі – электрик, ал үшеуі – элеватор саласының мамандары. Арасында ең үлкені 59 жастағы қызметкер. Ол шамамен қырық жылын бір ғана кәсіпорынға арнаған. Туған-туыстары оны қарапайым, іскер, адал жан ретінде еске алады.

«Ағам 1966 жылғы. Әскерден келген соң, 1986 жылдан бастап зауытта істеп жүр. Тоғыз жыл болды. Ағамның несиесі бар, 40 күндігін, жылдық асына көмектессін», – деді марқұмның қарындасы Зүлфия Абишова

Компания басшылығы марқұмдардың отбасына материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Сақтандыру төлемінен бөлек, әр отбасыға 10 миллион теңге көлемінде жәрдем беріледі. Сонымен қатар жерлеу рәсімдері мен қарызын өтеу де кәсіпорынның мойнында. Психологиялық және заңгерлік қолдау да ұйымдастырылады деп уәде етті.

«Барлық марқұмдардың отбасына, туыстарына, жақындарына өз атымнан және әріптестерімнің атынан шын жүректен көңіл айтамын. Отбасы мүшелерін қолдаусыз қалдырмаймыз. 40 күндік және жылдық асын ұйымдастыруды толықтай мойнымызға аламыз. Егер банктік қарыздары болса, оны да жауып береміз. Сонымен қатар әрбір отбасына 10 миллион теңгеге дейін материалдық көмек көрсетеміз. Ал қауіпсіздік мәселесіне келсек, кәсіпорында барлық талаптар сақталған», – деді компанияның басқарма төрағасы Саян Әшенов.

Қайғылы оқиғаның нақты себебі тек ресми тергеу аяқталған соң белгілі болады. Қазір мамандар оқиға орнын жіті тексеріп, әрбір детальді саралап жатыр. Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өрт зерттеу зертханасы мен тиісті органдардың тергеушілері бұл іспен мұқият айналысуда.

Мәди Мәлік. Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Зауыттағы жарылыс: 3 адам жансақтау бөлімінде жатыр

Новости партнеров