Жаздың соңына дейін еліміздегі жолаушы пойыздары спутниктік интернетпен қамтамасыз етіледі

17.06.2026 13:51

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша көлік министрлігі мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті

Almaty.tv

Жаздың соңына дейін «ҚТЖ» АҚ пойыздары спутниктік интернетпен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша көлік министрлігі мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, ҚТЖ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов жолаушылар пойыздарын жаздың соңына дейін интернет желісіне толық қосу жоспарланып отырғанын айтты.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда интернет Нұрлы жол — Семей пойызында іске қосылған, сондай-ақ Алматы — Павлодар, Павлодар —Түркістан және Нұрлы жол — Атырау құрамдарында терминалдар орнатылуда. Бұған дейін жаңа технологияның техникалық дайындығы Астана — Алматы және Астана — Өскемен бағыттарында екі пилоттық жоба арқылы расталған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жолаушылар пойыздарын интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі ауқымды жұмысты бастаймыз. Мен тек жолаушылар пойыздары, оның ішінде ұлттық тасымалдаушының пойыздары туралы айтып отырмын. Біздің жоспарымыз — жаздың соңына дейін негізгі бағыттарды спутниктік интернетпен қамтамасыз ету», — деді Әнуар Ахметжанов.

Оқи отырыңыз: Алматыда жылжымайтын мүлік сататын сайттар айыппұл арқалады