Жазғы еңбек маусымы: жасөспірімдердің жұмыс істеуіне қатысты қандай заңдық шектеулер бар

Заң бойынша 14 жасқа толған жасөспірімдер жаз мезгілінде жұмыс істей алады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Оқу аяқталып, жаз шықса, жасөспірімдердің еңбек маусымы басталады. Бірі тамақтану орындарында жұмыс істесе, кейбірі ойын-сауық орталықтарында, дүкендер мен саябақтарда нәпақасын табады. Алайда кәмелетке толмағандар үшін бірқатар шектеулер қарастырылған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

1-курс студенті Аяулым Сәрсен қаладағы тамақтану орындарының бірінде даяшы болып жұмыс істейді. Жұмыс уақыты сағат 11:00-ден сағат 20:00-ге дейін. Міндеті қонақтарды күтіп алып, тәтті-дәмдіні ұсыну. Сөзінше, бұл қызметке екі ай бұрын орналасқан. Алғашқы күндері мейрамхана әкімшілігі тарапынан арнайы курс өткізілген. Жалақысын келісіп, еңбекшартымен танысқан.

«Жұмысқа 2 ай бұрын кірдім. Келісімшартқа қол қойып, админстраторлармен таныстым. Аз мәзірін, қонақтармен қалай сыпайы сөйлесу керек екенін үйретті. Сабақтан кейін келіп жүр едім, қазір сағат 11:00-ден сағат 20:00-ге дейін жұмыс істеймін», – деді студент Аяулым Сәрсен.

Заң бойынша 14 жасқа толған жасөспірімдер жаз мезгілінде жұмыс істей алады. Яғни, театр, кино, цирк, сауда мен тамақтану және SMM, маркетинг секілді салаларда өздерін сынап көреді. Ол үшін оқушы немесе студент ата-анасымен бірге электронды еңбек биржасына жүгініп, бос жұмыс орындарын таңдауы қажет. Десе де, таңдалған қызмет олардың денсаулығына зақым келтірмеуі керек.

«14-16 жас арасындағы жасөспірімдер аптасына 26 сағаттан, ал 16-17 жас арасындағыларға 36 сағаттан көп жұмыс істеуіне тыйым салынады. Жасөспірімдер және балалармен еңбек шартын рәсімдеген кезде балаларды ауыр жұмыстарға немесе қауіпті жұмыстарға тартуға тыйым салынады», – деді Алматы қаласының мемлекеттік еңбек инспекторы Ермекжан Сағынбеков.

  Ал 15 жастағы, негізгі орта білімі бар жасөспірімдер ресми жұмыс істей алады. 16 жастан бастап еңбек шартын өз бетінше жасауға құқық беріледі. Тиісті Кодекстің 69-бабына сәйкес кәмелетке толмағандардың еңбегін пайдалануда ерекше қорғау шаралары қолданылуы қажет. Яғни, оларды түнгі уақытта, ауыр немесе зиянды жағдайларға, шамадан тыс жұмысқа тартуға тыйым салынады. Егер жұмыс беруші ережеге бағынбаса, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген.

«Кәмелетке толмаған баламен келісімшарт жасамай, жұмысқа тартса, 50 - 200 МРП, айлығын уақытылы төлемейтін болса, 30 -150 МРП, ал денсаулығына қауіпті жұмыстарға тартса 2000 МРП айып төлейді», – деді заңгер Алина Шынтаева.

 Айта кетейік, жаз маусымында жасөспірімдердің құқығын қорғау мақсатында жыл сайын арнайы рейдтік шаралар өткізіледі. Тексеріс барысында демалыс орындары, саябақтар, құрылыс нысандары, базарлар мен сауда орындары бақылауға алынады. Сондай ақ жұмыс берушілер мен жасөспірімдер арасындағы еңбек шарттарының заңдылығы тексеріліп, анықталған жағдайда ескерту жасалады. Ал жасөспірімдерге олардың еңбек құқығы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.

Диана Тұрлыбек, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Балалар қауіпсіздігі – басты назарда: Заң бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік енгізілді

Новости партнеров