Жазғы маусымда жасөспірімдердің еңбек құқығын қорғау шаралары күшейтілді

19.06.2026 18:14

Заң бойынша жасөспірімдер 16 жастан бастап ресми түрде еңбек етуге құқылы

Жазғы маусым басталысымен, елімізде жасөспірімдердің еңбек құқығын қорғау мәселесі басты назарға алынды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің тікелей тапсырмасымен өңірлерде жастармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматы қалалық Еңбек инспекциясы департаменті де шаһардағы заңдылықтардың сақталуын жіті қадағалауға көшті. Заң бойынша жасөспірімдер 16 жастан бастап ресми түрде еңбек етуге құқылы. Ал ата-ананың келісімі болса, 14-15 жастағы жасөспірімдер де сабақтан тыс уақытта жеңіл жұмыстарға араласа алады. Тек оларды ауыр, қауіпті өндірістерге жегуге және түнгі уақытта жұмысқа салуға заңмен қатаң тыйым салынған.

«14 жастан және 14 жасқа дейінгі балалар жұмыс істеуге рұқсат етілген.Жасөспірімдерге түнгі уақытта, сағат 22:00-ден сағат 6:00-ге дейін жұмыс жасауға тиым салынған.Құқығы бұзылса, жасөспірімдердің заңды өкілдері,жүкті әйелдер Алматы қаласы еңбек инспекциясы департаментінде шағымдануға болады», – деді Еңбек инспекциясы департаменті басшысының орынбасары Қасымбек Сайлау.

Еңбек инспекторларының айтуынша, басты мәселе – жұмыс берушілердің жастармен ресми еңбек шартын жасмауы. Соның кесірінен жалақысын ала алмай, алданып қалатын өрендер жиі кездеседі. Бұл ретте мамандар еңбек келісімшартын талап етуді ескертеді.

Айта кетейік, министрліктің бұл тапсырмасы аясында тек жастар емес, жүкті әйелдер мен отбасылық міндеті бар жандардың да құқығы қатаң тексеріледі. Бала өсіріп отырған ата-аналарға икемді жұмыс кестесі қарастырылуы тиіс, ал жұмысқа қабылдау кезінде отбасылық жағдайына байланысты кемсітушілікке мүлдем жол берілмейді. Мұндай нәрсе бола қалса, бірден Еңбек инспекциясына жүгіну қажет.

Оқи отырыңыз: Семіздіктен қалай арылуға болады: Тәжікстанда жұмыс берушілер қызметкерлеріне жаттығу жасатуы керек