Медицинаға жай адам келе алмайды: Тәжірибелі педиатр шынайы дәрігердің бейнесін сипаттады

19.06.2026 18:38

Алматы қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы – Қазақстандағы ең ірі стационар

«Ақ халатты абзал жандардың ең басты мақсаты – адам өмірін сақтап, денсаулығын қорғау. Ал балалар дәрігері болу – үлкен жауапкершілік пен ерекше мейірімділікті талап етеді». Бұл – дәрігер-инфекционист Зинаида Жұмабекқызының пікірі.  Ол 44 жылдан астам уақыт бойы денсаулық сақтау саласында еңбек етіп, мыңдаған бүлдіршіннің өміріне үміт сыйлап келеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Зинаида Жұмабекқызының әр күні кішкентай науқастарды тексеруден басталады. Бірін отаға дайындаса, екіншісіне ем-дом тағайындайды. Сондықтан ерекше көңіл бөледі. Ол үшін алдына келген әр бала – жеке тағдыр. Маман 44 жыл ғұмырын Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына арнаған. Осы уақыт ішінде мыңдаған бүлдіршіннің сауығып, денсаулығын қалпына келтіруіне себепкер болды. Көпжылдық еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланған. «Шапағат», «Гиппократ», «Алтын дәрігер» және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталған.

«Балалардың денсаулығы өтемаңызды. Оларды емдеп шығару – міндетіміз, балалар –біздің келешегіміз. Авиценна «ауырпы жатқан адамды өзіңдей көруің керек»деп айтқан. Соны сезінсең, сонда ғана ем қонады. Медицинаға жай адам келе алмайды.  Біреуге көмектесемін, біреудің өмірін сақтап қаламын деп жан-дүниесімен берілген адам озат болады», – деді педиатр, дәрігер-инфекционист Зинаида Өріккбаева.

 Еңбек жолын қарапайым педиатр дәрігер ретінде бастаған Зинаида Жұмабекқызы кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігінің арқасында бөлімше меңгерушісі қызметіне дейін көтерілді. Тәжірибелі дәрігер жас мамандарға бағыт-бағдар беріп келеді. Сондықтан әріптестері оны тек кәсіби маман емес, білікті тәлімгер ретінде де құрметтейді.

«Ауруханаға жұмысқа орналасқанымнан бастап, ол тек инфекционист, педиатр дәрігер ретінде емес, жас мамандарға тәлімгер ретінде бағыт-бағдар беріп, көмегін аямайды», – деді Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Балымжан Прімжарова.

Алматы қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында кейіпкеріміз сияқты ел үшін тынбай еңбек етіп жүрген 1025 маман бар. Әрқайсысы тәулік бойы жұқпалы ауруларға шалдыққан балаларға көмек көрсетеді. Сәйкесінше биыл ауруханада медициналық көмектің сапасын арттыруға, кадрлық әлеуетті дамытуға және заманауи медициналық технологияларды енгізуге бағытталған бірқатар стратегиялық маңызды жобалар жүзеге асырылды. Мәселен кадрларды оқытуға арналған заманауи симуляциялық, балалар жұқпалы аурулары бойынша құзырет орталықтары мен госпитальдық фармация бөлімі жұмысын бастады.

«Біздің басты міндетіміз – әрбір балаға сапалы, қауіпсіз және қолжетімді медициналық көмек көрсету. Біз аурухана инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғыртып, заманауи технологияларды енгізіп, кадрлық әлеуетті дамытып және медициналық көмекті халықаралық үздік стандарттарға сәйкес көрсету үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Аталған іс-шаралар медициналық қызметкерлердің кәсіби құзыретін жетілдіру және көрсетілген көмектің сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылады», – деді  Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Ержан Сералин.

Айта кету керек, Алматы қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы отандық денсаулық сақтаудың үздік дәстүрін заманауи технологиялармен ұштастыра отырып, жұмыс істеп келеді. Мекеме жалпы қуаттылығы 648 төсек-орынға ие Қазақстандағы ең ірі балалар жұқпалы стационары болып саналады.

 Диана Тұрлыбек, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Сот жүйесін цифрландыру: Алматыда әкімшілік істердің 90 пайыздан астамы онлайн қаралады