Зейнетақы мөлшері қашан өседі

03.10.2024 в 18:54

Республика бойынша 2,5 миллионға жуық зейнеткер бар

Келесі жылы елде зейнетақы мөлшері артады. Парламент "республикалық бюджет туралы" заң жобасын қарап жатыр. Құжатқа сәйкес, орташа зейнетақы көлемі кезең-кезеңімен алдағы 2 жылда өсіп отырады. Республика бойынша 2,5 миллионға жуық зейнеткер бар. Бұл қаражат қарт азаматтардың өмір сүру сапасын қаншалықты жақсартады? Зейнетақы жүйесіне өзге де реформа қажет пе? Осы және өзге сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы  экономист Мақсат Халық жауап береді.

Мақсат мырза, кеш жарық! Зейнетақы мөлшерінің артуы азаматтар үшін қаншалықты тиімді?

"Бұл – шынында өзекті тақырып. Парламентте мемлекеттік бюджеттің алдағы үш жылдық жоспары қарастырылып жатыр. Бюджеттің көп бөлігі әлеуметтік салаға жұмылдырылғанын атап өту керек. Алдағы уақытта орташа зейнетақы 96 мың теңге, 2026 жылға қарай 103 мың теңгеге өседі деп болжап отыр. Базалық зейнетақы 2027 жылға қарай 55 мыңнан асады деп жоспарланған. 

Өзгеріс зейнеткерлердің өміріне қалай әсер етеді? Қаражат қаншалықты жетіп жатыр, бұл – екінші мәселе. Өйткені тауар  бағасының өсімі, инфляция өте жоғары дәрежеге жетті. Азаматтардың зейнетақысы өссе де, бағаның соңынан қуып жетпейтіні ақиқат. Сондықтан әлеуметтік реформаларды қайта жандандыру керек. Жаңа да тың идеяларды ұсынған өте маңызды деп есептеймін".

 Зейнетақы жүйесіне қандай жаңашылдық керек деп ойлайсыз?

"Зейнетақы жүйесіне өзгерістер керек. Біріншіден, зейнетақы қорындағы жеткілікті қаражатты шешіп алу мүмкіндігіне байланысты қойылған шектер де дұрыс емес. «20 жастағы баладан да миллиондаған ақша жиналып тұруы керек» деген күлкілі. Бұл мәселелер қайта қаралып шығуы тиіс. Ал орташа жалақыға байланысты өзгерістер дұрыс есептелуі керек. Ең төменгі жалақыны есептеудің әлемдік әдістемесін енгізуіміз қажет. Қазіргі уақытта 85 мың теңгені 2 млн азамат алады. Оған салынатын табыс салығы да бар. Министрлік табыс салығын 100 мың теңгеден төмен табысы бар азаматтарға қайта қарастыруды немесе алып тастауды да ұсынып отыр. Алдағы уақытта шешім қабылданса, зейнетақы аударымдары ұлғайып, азаматтардың алатын табысы да белгілі дәрежеде артады".  

Оқи отырыңыз: Туристер Алматыда не үшін қызығады