Зейнет жасы жақындаған қызметкерді жұмыстан шығаруға бола ма

Depositphotos.com
Depositphotos.com
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Зейнет жасы жақындаған қызметкер үшін жұмыс орнын сақтап, тұрақты табысынан айырылмау маңызды. Жұмыс беруші зейнетке шығуына аз уақыт қалған қызметкерді жұмыстан шығара ала ма және зейнет жасына толуына екі жылдан аз уақыт қалса, оған қандай кепілдік беріледі?

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Исмағұлов түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv

Оның айтуынша, зейнет жасының жақындауы қызметкердің еңбек құқығын шектеуге немесе оны жұмыстан шығаруға негіз бола алмайды. Заңда зейнетке шығуына бірнеше жыл қалған барлық қызметкерге бірдей қолданылатын арнайы мәртебе де жоқ.

"Заңнамада зейнетке шығуына бірнеше жыл қалған барлық қызметкерге арнайы мәртебе беріп, қосымша кепілдіктерді автоматты түрде қолдану көзделмеген. Зейнет жасына жақындаудың өзі жұмыстан шығаруға негіз бола алмайды", — деді ол.

Еңбек кодексінің 53-бабына сәйкес, зейнет жасына толуына екі жылдан аз уақыт қалған қызметкерді қызметкерлер саны немесе штаты қысқарған кезде комиссияның оң шешімінсіз жұмыстан шығаруға болмайды.

Бұл талап қызметкердің біліктілігі жеткіліксіз болғандықтан атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеуіне байланысты еңбек шартын бұзған кезде де қолданылады.

"Мұндай жағдайда еңбек шартын бұзу үшін жұмыс беруші мен қызметкерлер өкілдерінің тең санынан құрылған комиссияның оң шешімі қажет", — деді Ерлан Исмағұлов.

Демек зейнетке шығуына екі жылдан аз уақыт қалған қызметкерді мүлде қысқартуға болмайды деген сөз емес. Жұмыс беруші мұндай шешім қабылдаса, заңда белгіленген тәртіпті сақтап, комиссияның оң шешімін алуға тиіс.

Бұдан бөлек, ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің басқа құжаттарында қосымша кепілдіктер белгіленуі мүмкін.

Зейнет жасына жақындау мен зейнет жасына толудың құқықтық мәні бөлек. Зейнетке шығуға аз уақыт қалуының өзі еңбек шартын бұзуға негіз болмайды. Ал қызметкер Әлеуметтік кодексте белгіленген зейнет жасына толған кезде еңбек шартын бұзуға жол беріледі.

Бұл тәртіп Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 24-тармақшасында көзделген.
Алайда зейнет жасына толған қызметкермен еңбек шартын бұзған кезде де жұмыс беруші заңда белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.

"Жұмыс беруші қызметкерге еңбек шарты бұзылатын күнге дейін кемінде бір ай бұрын хабарлауға тиіс. Сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарда және (немесе) жұмыс берушінің актісінде белгіленген мөлшерде өтемақы төленеді", — деді Ерлан Исмағұлов.

Сондықтан зейнет жасына жақындаудың өзі жұмыстан шығаруға себеп емес. Ал қызметкер зейнет жасына толған кезде еңбек шартын бұзуға жол беріледі, бірақ жұмыс беруші заңда белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.

Егде жастағы қызметкерлердің қауіпсіз жағдайда еңбек етуге, еңбегінің қорғалуына және еңбек жағдайы туралы шынайы ақпарат алуға құқығы бар. Егер қызметкердің денсаулығы белгілі бір жұмысты атқаруға мүмкіндік бермесе, жұмыс беруші оны өз бетінше еңбекке жарамсыз деп тани алмайды.

"Мұндай шешім жұмыс берушінің пікіріне емес, медициналық қорытындыға сүйеніп қабылдануға тиіс. Қызметкердің жасы оны еңбекке жарамсыз деп тануға негіз бола алмайды, — деді ол.

Еңбек кодексінің 6-бабында еңбек саласында жасына байланысты кемсітуге тыйым салынған. Егер қызметкер зейнет жасы жақындағаны үшін еңбек құқығы шектелді деп есептесе, жұмыс берушінің әрекетіне немесе әрекетсіздігіне шағымдана алады.

"Қызметкер өз құқығын заңда тыйым салынбаған барлық тәсілмен қорғауға құқылы. Зейнет жасына жақындау оның еңбек құқығын шектемейді", — деді Ерлан Исмағұлов.

Оқи отырыңыз: Саналы ата-ана болу: Отбасы күніне арналған апталық жалғасып жатыр