Жеке мәліметтерді саудалаған киберқылмыскерлер тобы құрықталды - ІІМ

17.06.2026 14:17

Күдіктілер қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасып жатыр

Қазақстан мен ТМД елдері азаматтарының жеке деректерін заңсыз таратумен айналысқан халықаралық қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, арнайы операция барысында Чехияның Усти-над-Лабем қаласы, сондай-ақ Астана, Алматы және Қарағандыда тінту жүргізіліп, цифрлық құрылғылар мен қомақты көлемдегі қаражат тәркіленді. Тергеу дерегіне сәйкес, күдіктілер Қазақстан және көршілес мемлекеттер азаматтарының жеке мәліметтері жарияланған жабық интернет-ресурс құрған. Анықталғандай, қылмыстық топ ішінде міндеттер нақты бөлініп, біреулері деректерді іздеу мен ұсыну тапсырыстарын қабылдаса, енді біреулері заңсыз табысты қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан. Қазір күдіктілер қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.

«Тергеу әрекеттері барысында заңсыз қызметтің дәлелдерін қамтитын көптеген цифрлық ақпарат тасымалдағыштар, сондай-ақ қолма қол ақша тәркіленді. Қылмыстық әрекеттерді жүзеге асыру үшін күдіктілер Қазақстан азаматтары мен көршілес мемлекеттердің тұрғындарына қатысты жеке деректер орналастырылған жабық интернет ресурс құрған. Қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінген адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.

Оқи отырыңыз: Биыл қылмыс 9 пайыз азайды: Ішкі істер минстрі Президентке есеп берді