Жасанды интеллект министрінің айтуынша, мемлекеттік сектордағы киберқауіпсіздік жағдайы көңіл көншітпейді
«Жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарды қаржыландыру мәселесінде алаяқтық фактілер жиелеген. Мемлекеттің қаражатын жымқыру жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде де кездеседі». Биыл алғашқы Үкімет отырысында Премьер-министр осы мәселеге тоқталып, жауаптыларға олқылықты шешуге 1 апта уақыт берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Артық сөз емес, нақты іске көшу қажет» деп министрлерге қатаң ескерту жасаған Олжас Бектенов тапсырманы орындай алмаған жағдайда оны жасырмай, ашық айту керек екенін жеткізді. Себебі Үкіметтің алдында Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді табысты орындау жауапкершілігі тұр.. Отырыста талқыланған маңызды бағыттардың бірі – жекеменшік мектептер мен медициналық мекемелерді субсидиялау. Үкімет басшысы бұл бағытта алаяқтық деректері көбейгенін айтып, жағдайды реттеу үшін жауапты органдарға бір апта уақыт берді.
«Сонымен қатар жекеменшік мектептер мен жекеменшік медициналық ұйымдарды субсидиялау саясатын қайта қарау қажет екеніне назар аударылды. Артық қаржыландыруды тоқтату қажет. Адал бәсекелестік жағдайында жұмыс істей алмаса, мұндай бизнестің қажеті бар ма? Бұл салада алаяқтық кеңінен таралып кеткені бәріне мәлім», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов
Мемлекеттік жәрдемақы алушылар арасында да алаяқтық схемалар жетерлік. Сондықтан мемлекетті алдап, заңсыз төлем алу мүмкіндігін болдырмау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп қажетті шараларды қолға алатын болады. Бұл ретте цифрландыруға көп үміт артылып отыр. Жауапты министрдің сөзінше, электрондық қызметтер бүкіл үдерісті ашық әрі айқын етуі тиіс.
«Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жүйелердегі ақпараттық қауіпсіздік талаптарының сақталуын және азаматтардың жеке деректерінің қорғалуын қатаң бақылауға алуы қажет. Бұл талаптардың барлығы заңнамада нақты белгіленген. Сіздер бұл деректерге жеке жауаптысыздар», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Жасанды интеллект министрінің айтуынша, мемлекеттік сектордағы киберқауіпсіздік жағдайы көңіл көншітпейді. Былтыр арнайы тексерулер жүргізілген. Бір миллион адам кибергигиенаға үйретілген. Десе де, нәтиже әлі де төмен.
Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: Қазақстанда медицина қызметкерлерінің еңбекақысы көтеріледі