Бұл норма саяси жүйеге деген сенімді арттыру және жемқорлыққа қарсы тұру мақсатында енгізілді
Қазақстанда Жаңа Конституция жобасы ресми түрде жарияланды. Жоба азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстар негізінде, ашық талқылаулар арқылы дайындалған. Оның басты мақсаты — адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, жемқорлыққа төзбеушілікті бекіту және қоғамдағы сенімді арттыру, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ең басты жаңалықтардың бірі - сыбайлас жемқорлықпен сотталған немесе кінәсі дәлелденген азаматтар сайлауға түсе алмайды. Сонымен қатар сот арқылы әрекетке қабілетсіз деп танылған немесе қылмыстық жазасы аяқталмаған адамдар да сайлауға және жалпыұлттық референдумға қатыса алмайды.
«Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға қатысты кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлануға құқығы жоқ», - делінген жаңа Конституция жобасындағы 2-бөлімнің 36-бабында.
Бұл норма саяси жүйеге деген сенімді арттыру және жемқорлыққа қарсы тұру мақсатында енгізілді.
Жаңа Конституция жобасы тек бұл нормаға ғана шектелмей, адам құқықтары мен бостандықтарын басты құндылық ретінде бекітеді, мемлекеттік билік принциптері мен сот жүйесінің тәуелсіздігін нақтылайды.
Осылайша, жаңа Конституция жобасы қоғамдағы әділдік пен заңның үстемдігін нығайтуға, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Оқи отырыңыз: Мыңжылдық тарих сабақтастығы – жаңа Конституция жобасы айқындап берген бағдар