Жер дауы: Қонаевта 30-ға жуық отбасы сот шешімімен келіспейді

Жұрт жер мемлекетке тиесілі болса, 19 жыл бұрын неге жекеменшікке өткенін түсінбей әлек

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қонаев қаласында 30-ға жуық отбасы сот пен жер басқармасының ортасында сабылып жүр. Осыдан 2-3 жыл бұрын жағажай маңынан учаске алдық деп қуанған жұрт бүгінде өз жеріне иелік ете алмай дал, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жалпы ауданы 11 гектар жер 2023 жылы 23 адамға сатылған. Сол кезде тұрғындар өз телімдерінің шекарасын белгілеп, қазығын қаққан. Кейбірі құрылыс бастап, үйдің қабырғасын да көтеріп үлгерген. Алайда бір жыл өткенде халыққа аумақтың заңсыз сатылғаны хабарланып, сотқа шақырту келген.

«Наурыз айында Жер қатынастары басқармасынан хабарласып, соттан шақырту келді. Сотқа бардық,  1 жыл өтті. Сот басталғалы ештеңе істей алмай отырмыз», – деді  облыс тұрғыны Ғазиза Қажиева.

«Жерді сатып алмас бұрын заңды не заңсыз екенін анықтау үшін облыстық Жер, құрылыс басқармасына бардық. Нотариус арқылы мемлекеттік акт алдық, бәрі тексерілді. Құрылыс бастауға ешқандай кедергі болмады. Үйдің іргесін қалап, аумағын қоршадық. Енді жерді тартып алмақшы, бұл жерді алу үшін бала-шағаның аузынан жырып, пәтерді сатып, бар ақшамызды бердік қой», – деді облыс тұрғыны Әсем Әбдікәрімова.

Аталған аумақ 2006 жылы Қонаев қаласы әкімінің қаулысымен жекеменшікке беріліп, кейіннен мақсаты «тұрғын үй құрылысын салуға» деп өзгертілген. Азаматтар сатып алу үшін 8-10 миллион теңгелерін санап беріп, жерді өз атына жазған. Тұрғындардың сөзінше, мұның бәрі талапқа сай жасалып, нотариуспен куәландырылған. Сондықтан заңгерлер «бұл жерде департаменттің сотқа беруі негізсіз» дейді. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әкімнің қаулысын заңсыз деп тану үшін сотқа үш жыл ішінде жүгіну қажет.

«Ол жерді заңсыз деп танитындай себеп жоқ. Сол жылдары аукцион арқылы сатып алу туралы императивтік норма заңнамада қарастырылмаған. Егер мемлекеттік органның қандай да бір шешімі заңсыз болып табылатын болса, оны заң аясында сотқа дәлелдемелер ұсыну арқылы алдында қабылданған актілерді заңсыз деп табуы керек», – деді адвокат Ақжамал Мамытбекова.

Ал облыстық жер ресурстарын басқару департаменті өкілі жер басынан мемлекетке тиесілі және жеке тұлғаларға сатылмауы керек екенін айтты.

«1971 жылғы бас жоспарға сәйкес, пайдаланудағы жер жасыл желектер аймағында орналасқан. Яғни, жер нысаналы мақсатымен берілмеуі тиіс еді», – деді Жер ресурстарын басқару департаментінің бөлім басшысы Жанат Әлімжанов.

Ендігі жерде жұрт жер мемлекетке тиесілі болса, неге жекеменшікке өткенін түсінбей әлек. Сондай-ақ 19 жылдан кейін шағымдану заңды тұрғыда негізсіз деп санайды. Сондықтан, қараша істі соңына дейін жеткізуге бекініп отыр.

Диана Тұрлыбек, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Астанада құлаған тұрғын үй қасбетіне жауапты құрылыс компаниясының ісіне қандай баға беріледі

Новости партнеров