Тарихи жеңіс: Қазақстан құрамасы блоктық садақ атудан Азия чемпионы атанды

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Финалда отандық садақшылар Үндістан құрамасынан 240:228 есебімен басым түсті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан құрамасы Бангладештің Дакка қаласында өтіп жатқан садақ атудан Азия чемпионатында тарихи жеңіске қол жеткізіп, алғаш рет блоктық садақ атудан алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Финалда отандық садақшылар Үндістан құрамасынан 240:228 есебімен басым түсті. Ұлттық құрама сапында Ділмұхамед Мұса, Бунед Мирзаметов және Андрей Тютюн өнер көрсетті.

Шешуші кезеңге дейін отандастарымыз 1/8 финалда Ирак құрамасын (234:225), ширек финалда Иран құрамасын (233:231), ал жартылай финалда Корея құрамасын (236:235) жеңді. Айта кетейік, садақ ату – Қазақстанда жүйелі түрде дамып келе жатқан 46 басым спорт түрінің бірі.

«Сонымен қатар биыл отандық спортшылар спорт тарихындағы жаңа белестерді бағындырып жатыр. Мысалы, жерлестеріміз семсерлесуден алғашқы тарихи медаль жеңіп алса, спорттық гимнастикада Азия жарыстары тарихындағы алғашқы алтын медальға қол жеткізді. Бұдан бөлек, көркем гимнастикадан алғашқы екі дүркін әлем чемпионы шықты, дзюдодан әйелдер арасындағы алғашқы тарихи күміс медаль ел қоржынына түсті.

«World Boxing ұйымы аясында өткен бокстан алғашқы әлем чемпионатында жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 1-орынға ие болды (7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль). Конькимен жүгіру спортында 100 метр қашықтықта бейресми әлемдік рекорды орнатылды, шорт-трекшілер қысқы Азия ойындарында алғаш рет алтын медаль жеңіп алды. Қысқы Азия ойындарында фристайл-акробатикадан алғашқы алтын медаль бұйырды. Сондай-ақ Қазақстан парабиатлоннан маусым қорытындысы бойынша «Хрусталь глобусқа» қол жеткізді», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, садақ атудан Азия чемпионаты 14 қарашада мәресіне жетеді. Жарысқа құрлықтың 29 елінен 207 спортшы қатысып жатыр.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің атауы қашан жариялатыны белгілі болды

Новости партнеров