Алматыда әлеуметтік қолдауға зәру жандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің көлемі жыл сайын артып келеді. Былтыр мегаполисте 1 мың 819 отбасы, яғни 9 мыңнан аса адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Ал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынған дерекке сүйенсек, биылдың бірінші тоқсанында ең төменгі күнкөріс деңгейі 62 мың 58 теңге болып белгіленіпті. Алайда бұл көрсеткіш тоқсан сайын өзгеріп отырады.
Ендеше, аталмыш мемлекеттік көмекті кімдер ала алады? Жергілікті бюджет есебінен зейнеткерлерге көрсетілетін қолдаудың қандай түрлері бар?
Осы және өзге де сауалдарға «Алматы» телеаргнасының студия қонағы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Кәмшат Қошқарбаева жауап береді.
– Кәмшат Биболатқызы, 2026 жылы Атаулы әлеуметтік көмек кімдерге тағайындалады? Оны алу үшін қандай шарттар орындалуы тиіс?
«Атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, босқындарға, шетелдіктерге және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға көрсетіледі. Ресімдеу үшін «е-gov» электрондық үкімет порталы арқылы, екінші деңгейдегі банк, «Халық банкі», «e-gov mobile» мобильді қосымшалары арқылы өтініш беруге болады».
– Атаулы әлеуметтік көмек аясында коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша қандай жеңілдіктер немесе өтемақылар қарастырылған?
«Алматы қаласы мәслихатының шешімі негізінде коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыстар әлеуметтік нормалар бойынша отбасының жиынтық табысының 5% - асатын болса, коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге тұрғын үй көмегі көрсетіледі.Тұрғын үй көмегінің мөлшері тұрғын үй және коммуналдық қызметтерді тұтыну нормалары шегіндегі коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыстар мен отбасының жиынтық табысының 5% арасындағы айырмашылықты құрайды. Табысы 180 мың теңге болатын, коммуналдық қызметтер үшін 12 мың теңге төлейді. Тұрғын үй көмегінің мөлшері 3 мың теңгені құрайды.
Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін «Азаматтарға арналған үкімет «мемлекеттік корпорациясы» тұрақты тұрғылықты жері бойынша өтінішпен бірге келесі құжаттарды ұсыну қажет: жеке куәлік; табыстарды растайтын анықтамалар; коммуналдық қызметтер үшін төленген шот-түбіртектер».
– Жергілікті бюджет есебінен зейнеткерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың қандай түрлері бар?
«Алматы қаласында тұратын және тіркелген зейнеткерлерді әлеуметтік қолдау мақсатында Алматы қаласы мәслихатының шешіміне сәйкес, егер отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы үш ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспаған жағдайда, жарты жылда бір рет 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұдан басқа, ыстық, суық сумен жабдықтауды есепке алудың жеке аспаптары орнатылған немесе тексерілген жағдайда зейнеткерлер, сондай-ақ көп балалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, егер отбасының бір мүшесіне шаққандағы табысы 3 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспаса, осы шығыстар үшін шығындарды өтеуге үміткер бола алады. Әлеуметтік көмектің осы түрлерін тағайындау үшін тұрақты тұрғылықты жері бойынша Алматы қаласы аудандық әкімдіктерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне келесі құжаттарды қоса бере отырып өтініш беру қажет. Жеке басын куәландыратын құжат. Адамның отбасы мүшелерінің табысын растауы керек».